2020 жыл – әлем халқы үшін пандемия жарияланған, күтпеген, тосын жағдайға толы кезең. Пандемия басталғалы әлемде коронавирус жұқтырған 60 миллионнан астам тіркелді. Бұл індет Қазақстан жұртын да айналып өткен жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың қатары 130 мыңға жуықтады. Өкінішке қарай, елімізде коронавирус індетінен 2 мыңға жуық адам көз жұмды.
Коронавирусты екінші рет жұқтыруға бола ма, карантин режимінен шығу үшін не істеу керек? Осы және басқа да сұрақтар бойынша Azattyq Rýhy тілшісінің сұрағына терапевт-реабилитолог Айна Бәкеевамен жауап берді. Білікті маман тәжірибесімен бөлісіп, коронавирус туралы «мифтерге» тоқталып, қажетті кеңесін берді.
«Коронавирустың екінші толқыны басталғалы, қауіпті вирусты екінші рет жұқтырдым деген адамды кездестірмедім. Ал БАҚ беттеріне шығып жатқан ақпараттарға қатысты айтарым, екінші рет жұқтырған адам туралы ақпараттың бәрі бірдей шындыққа жанаспайды. Венгрия ғалымдары ПТР-тесттің 100 пайыз растығына күмән келтіріп, одан бас тартты. Яғни, ПТР-тест те дәл анықтайтын құрал емес», - деп бастады әңгімесін маман.
Айна Бәкееваның айтуынша, оған келген науқастар температурасының көтерілуі, асқа тәбетінің жоқтығы, иіс, дәм сезбеу белгілерімен шағымданған.
«Одан бөлек, денесі күйіп-жанып жатқандай қақсайтынын айтқандар көп болды. Науқастардың кейбірі «сүйектерімді сындырып тастағандай» ауырады десе, тағы біреулері «еттерімді жұлып жатқандай» ауруды сеземін деді», - дейді терапевт-реабилитолог коронавируспен ауырған пациенттері жайлы.
Мұндайда ең бірінші көмектесетін – мұрын спрейі екен. Олардың түрі көп болғанмен, құрамы бірдей. Бастысы, құрамында мометазон болуы керек.
«Оның концентрациясы, дозасы өте аз, қанға сіңіп кетпейді. Ешқандай зияны жоқ. Мұрын, тамаққа себуге болады. Тіпті, оны өмір бойы сепсеңіз де еш зияны жоқ», - деп түсіндірді маман.
Екінші – Д3 дәрумені. Қанында Д3 дәрумені жеткілікті адамдар тәуекел тобына жатса да, коронавирусты жеңіл түрде өткізеді.
«Мәселен, менің бір пациентім бар. Жасы 60-та. Ұлы мен қызы коронавирустан емделді. Өзі мүлдем ауырған жоқ. Температурасы да болмады. Себебі, оның қанынында Д3 дәрумені жеткілікті деңгейде - 75 нг/мл болып шықты. Қалыпты жағдайда ол 30-дан 100-ге дейінгі нг/мл деңгейінде болу керек. Шыны керек, осы кезге дейін қанында Д3 дәрумені жеткілікті 2-3 адамды ғана көрдім. Қалғанының бәрінде Д3 30 нг/мл-дан төмен. Олардың бәрі ауырып шықты. Нақты бір фармацевтикалық фирма шығарған Д3 дәруменін іш деп айта алмаймын. Бағасы арзанын да алып іше берсеңіз болады, айырмашылығы жоқ. Мәселе, дозасында. Қанында 10-15 нг/мл Д3 болса, 10 000 бірлік көрсеткішінде 2 ай ішу керек. Анализсіз 5000 бірлік мөлшерінде алып, 2-3 ай іше беруге болады. Бірақ, әрине, анализ тапсырып алу керек. Ал балаларға қатысты педиатрлардан қосымша сұрап алған жөн», - деп кеңесін берді.
Үшінші ереже - аскорутин дәрумені. Ол қантамырларының қабырғасын «күшейтеді». Себебі, вирус қабынуды қоздырады. Сол себепті ауырған кезде, ісік болады. Қан тамырларының қабырғасы жұқарып, вирус күшейе береді. Ал дәрумен ісік, интоксикациядан құтқарады. Егер адам ауырмаса, бәрі жақсы болса, күніне аскорбин қышқылын тамақпен бірге 100-150 миллиграмм қабылдауы керек. ОРВИ немесе кез келген қабынумен ауырған кезде, аскорбин қышқылын профилактика ретінде 500 миллиграмнан жоғары алып ішу керек. Ауырған адамдарға 1000 миллиграммға дейін беремін.
«Әрине, темекі шегуді, арақ ішуді доғару керек. Ол қанды қоюландырады. Тәтті нәрсені аз жеу керек. Қан қоюланбас үшін ақуызы мол тағам түрлерін тұтыну керек. Соның ішінде, етті көп жеу маңызды», - дейді Анна Бәкеева пандемия кезінде дұрыс тамақтану туралы.