$ 494.87  520.65  4.91

«Аңсаған сәби» жобасы еліміздегі ажырасу оқиғаларының азаюына ықпал етеді» - демографтар

Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Тәуелсіз ел болып, жеке мемлекет ретінде қалыптасқанына 30 жыл толатын Қазақстан үшін ең маңызды факторлардың бірі  - демография мен саналы әрі дені сау ұрпақ мәселесі екені даусыз. Өйткені, кез келген елге төнетін басты қауіптердің бірі де осы халық санының аздығынан туындайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды», - деп атап өткен болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сондай-ақ Президент бұл мәселенің өте өзекті әрі  еліміздің қауіпсіздігіне қатысты дүние екеніне тоқталған. «Шындығында, бұл біздің жылдар бойы ойлап, талқылап жүрген мәселеміз. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуы және демографиялық реформа қажеттігі, бұл – алдымызда күтіп тұрған үлкен мәселенің бірі. Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», - деп жазады Президент өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз еткен ұлттық демография және саналы әрі дені сау ұрпақ мәселесі Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында да жалғасын тапты. Жай айтып қана қоймай, соңғы жылдары елімізде отбасы-демографиялық жағдайдың өте өзекті болып отырғанын әрі осыған байланысты 2021 жылдан бастап бала сүю бақытынан айырылып отырған отбасыларға қолдау жасау мақсатында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын қабылдау мәселесін көтерген болатын. Әрі мұны Үкіметтің алдағы уақытта басты назарында болуы тиіс негізгі бес саланың бірі болуы тиіс екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытынан айырылып отыр. «Әлеуметтік сауал салу қазақстандықтардың шамамен 20 пайызы «бұл ажырасуға үлкен себеп» санайтындығын көрсетті», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», - деген болатын.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасынан кейін іле-шала іс-шаралар қолға алынып, нақты жұмыстар басталып кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде «Аңсаған сәби» бағдарламасына жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүйгісі келетін кез келген отбасы өтініш бере алады. 

Ресми мәліметтерге сенсек, елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді екен. Оның 21-і жекеменшік орталық саналады. Осы уақытқа дейін жасанды ұрықтандыру әдісімен 22 мыңнан астам бала дүниеге келіпті. Яғни бұл екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін дүние. Осы мақсатта елімізде 2010 жылы жасанды ұрықтандыру әдісін медициналық көмектің кепілдендірілген түріне енгізіліп, мемлекет қаржысы есебінен 100 квота бөлініп келген. 2020 жылға дейін квота саны 1 мыңға дейін жеткен. Енді міне бұл көрсеткіш Тоқаевтың тапсырмасымен жеті мыңға жеткелі отыр. 

Расында да елімізде белсіздік пен бедеулік мәселесі өте өзекті болып отыр. Мамандардың айтуынша, жаңадан отау құрып, жеке шыққан отбасылардың 15 пайызы бала сүю бақытынан айырылған болып шығады екен. Осының салдарынан үй болып, бала сүйсек деген үмітпен қосылған әрбір үшінші шаңырақтың неке баянсыз болып, ажырасып тынады екен.

«Бұл өте үлкен трагедия», – дейді мамандар. «Біз еліміздегі әрбір алтыншы отбасының бедеулікпен бетпе-бет келіп отырғанын жиі айтамыз. Алайда қолымызда нақты статистика жоқ. Бізге бедеу адамдарды тіркеу мәселесін дұрыстап, бедеуліктің бірыңғай тізілімін жасау керек. Жалпы бедеулік мәселесімен айналысқаныма 32 жыл болыпты. Оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің алғашқы маманы ретінде енгізгеніме 25 жыл толыпты. Біз көбіне ақылы түрде қызмет көрсеттік. 2010 жылдан бастап мемлекетіміз 100 квотадан бастаса, биыл 1 мыңнан сәл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған да қуанатынбыз. Бірақ Президент Жолдауындағы 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені, бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Бұл ақшаның жартысы дәріге кетеді. Сондықтан бұл үлкен көмек және пациенттеріміздің барлығы қуанып жатыр. Күтпеген жағдай болды. Біз көп болса 2 есе көбейтер деп ойлаған едік», - дейді «Экомед» медициналық орталығының басшысы Салтанат Байқошқарова.

Президент осы мақсатта экстракорпоральді ұрықтандыруды дамытуға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасын қоса есептегенде Денсаулық сақтау министрлігіне халық денсаулығына қатысты  нақты 11 тапсырма жүктеді. 

Расында да, бедеулік және белсіздік мәселесі туа бітті ауру емес. «Жүре келетін дүние. Яғни әртүрлі аурулардың салдарынан, салауатты өмір салтын сақтамаудан немесе  дер кезінде қаралмау, медициналық көмек алмау салдарынан болатын жайт», - дейді мамандар. Мамандардың айтуынша, бедеулік екі түрлі жолмен туындайды. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп болса, екіншісі басынд айтып өткеніміздей жүре пайда болатын түрі екен.

Білікті маман Салтанат Байқошқарованың айтуынша, түсік жасатудың арты бедеулікке алып келіп жатады екен. Оның айтуынша, емделуге келген әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар болып шыққан. 
Сонымен қатар, бала сүйе алмау мәселесі тек әйелдердің ғана проблемасы емес. Өмірге дені сау, саналы ұрпақ келуі үшін ер азаматтардың да жауапты екені белгілі. 

Репродуктолог-мамандардың айтуынша, Президент Тоқаевтың бұл бастамасы ұзақ жылдар бойы квота күтіп, кезекте тұрған отбасылардың сәби сүю мүмкіндігін арттырмақ. Ал демограф ғалымдар «Аңсаған сәби» жобасының еліміздегі ажырасу оқиғаларының азаюына ықпал етуі мүмкін екенін айтып, сүйінші сұрап жатыр.

Мамандардың айтуынша, Мемлекет басшысы демография мәселесін өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ұлттық құндылық деңгейіне көтеріп, төніп тұрған әр түрлі қауіптерден сақтап қалатын жол деп көрсеткен. «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. ...Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», - деп атап өткен. 

Тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» екенін айтады. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары