$ 494.87  520.65  4.91

«Эпидемиологиялық жағдай өткен жылдың жаз айларына ұқсас болып келеді» - ҚДСБ басшысы

Айтуынша, қазір астанада ауру жұқтыру өсімі 25%-ке жетті.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов індеттің өршуіне байланысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Құрметті достар, қаланың бас дәрігері ретінде айтарым: өздеріңізді сақтаңыздар. Қазір қалада эпидемиологиялық жағдай өте тұрақсыз. Ауырған науқастар саны күннен күнге көбейіп барады. Осы апта ішінде күніне 50 шақты адам стационарларға жатқызылып, оның ішінде 10 проценті бірден жансақтау бөліміне түсіп жатыр. Бұл өте қиын жағдай. Сондықтан той-томалаққа бармай, санитарлық нормалар мен ара қашықтықты сақтаған дұрыс", - деді Мұратов онлайн баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, қазір астанада ауру жұқтыру өсімі 25%-ке жетті. Егер де ақпанда тәулік ішінде орта есеппен вирус жұқтырған 100 адам тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 350-ге дейін жетіп отыр.

"Эпидемиологиялық жағдай өткен жылдың жаз айларына ұқсас болып келеді. Қазіргі уақытта науқастар ауыр және өте ауыр хәлде түсіп жатыр. Әсіресе, егде жастағы және 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтар", - деді ол.

Мұратовтың айтуынша, қазір індетке шалдыққан 623 науқас ауруханада жатыр, төсек-орындардың жүктемесі 74 процентті құрайды. Жансақтау бөлімінде ем қабылдайтын науқастардың саны артқан – 66 пациент.

Басқарма басшысы індеттің өршуін санитарлық талаптарды сақтамай, халық көп жиналатын орындарға бару және карантин режимінің бұзылуымен байланыстырып отыр.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтанда 30 наурыздан бастап карантин қатаңдатылады. Тиісті қаулыға қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері қол қойды. Оған сәйкес, сауда орталықтарының жұмыс уақыты жұмыс күндері 17.00-ге дейін қысқарады, демалыста жабық болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары