01.04.2021, 00:23

Қазақстандық ғалымдар тағы төрт вакцина әзірлеп жатыр

фото: pixabay. com
Препаратты ойлап тапқандар шенеуніктердің бұл сөзін растап отыр.

COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаны толық сынау 9-шілдеде аяқталады. Дегенмен екпе ел азаматтарына сәуір айының соңында салына бастайды, деп хабарлайды ktk.kz.

Негізінен вакцинаның үш сынақ мерзімінде 3244 ерікті егіліп, 96 пайызы оң нәтиже көрсетіпті. Ал нақты ғылыми баға толық сынақ аяқталған соң беріледі.

"Нақты ғылыми баға үшінші фазаның аяқталу мерзімінде беріледі. Қазір бүкіл дүниежүзілік тек біз емес, бүкіл вакцина осы стратегиямен жүргізіліп келе жатыр. Бірінші және екінші фазаның көрсеткіштері бойынша мәлімет беріп отыр. Сондықтан да үшінші фазаның аяқталуын күтіп, ең соңғы нәтижені қарауымыз керек. Дегенмен де аралық көрсеткіш жаман емес", — дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан вакцинасының 525 мың адамға сәуір мен шілде аралығында салынатынын мәлімдеген. Препаратты ойлап тапқандар шенеуніктердің бұл сөзін растап отыр. Олар 2 миллион дозаны өндіріп, «СК-Фармацияның» қоймасына жеткізеді. Ал бір вакцинаның өзіндік құны 4 доллардан асады.

QazCovid-in шыққан күннің өзінде оның атауы QazVac атымен сатылатын болады. Коронавирусқа төтеп беретін екпе Қордайдағы ғылыми институттың ғалымдарымен жасалды. Олар QazCovid-in-нен бөлек, тағы 4 вакцина әзірлеп жатыр. Отандық вакцинаға бөлінген қаржы 2 миллиард теңгеден асады.