Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отандық QazVac вакцинасын экспорттау бойынша ұсыныстар барын айтты, деп жазады Азаттық рухы порталы.
«Көптеген мұсылман мемлекеті бізге жүгінеді. Жақында БАӘ-дегі әріптесіммен сөйлестім, олар қызығушылық танытып отыр. Бізге Қатардан жүгінді. Барлығы 10-ға жуық ел QazVac-ты жеткізу мәселесі бойынша жүгінді.
Авторлық құқықты тіркейміз, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біздің институт болашақта тек QazVac вакцинасын емес, басқа да отандық вакциналарды экспорттау үшін халықаралық патент алып жатыр», - деді министр журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
QazVac – инактивацияланған вакцина, яғни коронавирустың жойылған вирусы қолданылған. Препаратты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірледі.
Еске салайық,
Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Ерғали Әбдірайымов Қазақстанда коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина клиникалық сынаққа дайын екенін айтты.