$ 448.15  483.46  4.86

«О дүниені көрдім»: Өкпесі 100% зақымданған Тараз тұрғыны COVID-19-ды қалай жеңді

Өкпесі 100 пайыз зақымданған 60 жастағы Тараз тұрғыны коронавирусты жеңіп шықты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Өкпесі 100 пайыз зақымданған 60 жастағы Тараз тұрғыны коронавирусты жеңіп шықты деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Тараз қаласының 60 жастағы тұрғыны қалалық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымына ауыр халде келіп түскен еді. Туыстарының айтуынша, науқас тұмау белгілеріне ұқсас ауруды өз бетінше емдеуге тырысқан. Алайда дерті одан сайын асқынып, тынысы тарылып, ентіге берген соң, шұғыл түрде қалалық көпбейінді ауруханаға жүгінеді.

Қабылдау бөлімінде науқастың қан талдаулары тексеріліп, компьютерлік томографияға түсіріледі. Нәтижесінде өкпенің 100 пайыз зақымдалғаны анықталып, дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Екі апта бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқасқа дәрігерлер кешенді ем-дом жасап, ауыр жағдайдан шығарған. Ол өздігінен дем ала бастаған соң, жалпы бөлімшеге ауыстырылады. Зақымданған өкпені қалыпқа келтіретін ем-шаралар 60 күнге созылған.

«Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жатып, о дүниені көрдім десем болады. Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Мұндағы барлық дәрігерлерге, медбикелерге, мейіргерлерге, тазалықшы қыздарға екінші өмірді сыйлағаны үшін көп рақмет. Ковидке әлі де сенбейтін адамдарға вакцина салдыртып, күтім жасауды ұсынамын, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», – дейді ол.

Күнделікті емдеу барысын басшыдан бөлек, тәжірибелі де білікті дәрігер Ербол Сағындықов бастаған аурухана меңгерушілері бақылап отырған. 60 жастағы азамат барлық медицина қызметкерлеріне алғысын жаудыруда. Бүгінде ол дәрігерлердің жасаған дұрыс емі мен тиімді тәсілі арқасында толық сауығып, үйіне шығарылды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары