Тоғызыншы тамыздан бастап Аshyq жобасына қатысатын бизнес нысандарының жұмыс уақыты ұзартылды. Бұл туралы бас мемлекеттік санитар дәрігердің Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдаған ресми хатында жазылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан палатаның ресми сайтына сілтеме жасап.
Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 9 тамыздан бастап Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін "қою қызыл" аймақтағы нысандарға сағат 22:00-ге дейін, ал "Ashyq лидерлері" мәртебесін алғандарға сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Бұған дейін қаулының 4-қосымшасында көрсетілген талаптар сақталды. Онда кәсіпкерлерге кешкі сағат 20:00-ге, ал "Ashyq лидерлеріне" 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген еді.
"Осылайша "қою қызыл" аймақтағы Ashyq жобасына қатысушылардың жұмыс режиміне қойылатын талаптар БСДҚ №33 қаулысының 4-қосымшасына сәйкес 2021 жылдың 9 тамызына дейін қолданылды", – делінген бас санитар дәрігердің хатында.
Бұдан бөлек, хатта "қызыл", "сары" және "жасыл" аймақтардағы нысандар бойынша түсініктеме берілген. Бас санитар дәрігердің ақпаратына сәйкес, Ashyq жобасына қатысушы нысандар тиісті талаптар бойынша жұмыс істей береді.
Алайда "қызыл" аймаққа кіретін өңірлерде жергілікті санитар дәрігерлер Ashyq қатысушыларына қатысты шектеу шараларын күшейте алады.
Айта кетері, шіденің соңында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалалары "қою қызыл" аймаққа кірген еді. Осыған байланысты 2 тамыздан бастап осы қалаларда қатаң шектеу шаралары енгізілді.
"Қою қызыл" аймақ – қатер деңгейі жоғары аймақ. Ауруханаларда төсек-орынның толу көрсеткіші 70%-тен жоғары немесе бір апталық кезеңде 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден астам адам жатқызылған жағдайда өңір "қою қызыл" аймаққа кіреді.