Уролог-андролог, он жылдан аса жыныстық сауаттылық саласында еңбек етіп жүрген Олжас Иманғалиұлы «түнгі көбелектермен» жиі байланысқа түсетін еркектерге жұғатын ауру түрлерін атады. Дәрігердің айтуынша, жезөкшелерге көп баратын ер адамдар алдағы өміріне қауіп төндіретін вирустарды жұқтырып алады. Ал дер кезінде аурудың алдын алмаса, еркектердің бедеулігі, простатит сынды түрлі дерттер өршуі мүмкін деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Менен «жеңіл жүрісті қыздарға барған соң, түрлі аурулар жұғуы мүмкін бе?» деп көп сұрайды. Әрине, жұғады. Әсіресе, жастардың сақ болғаны жөн. Өйткені, бозбалалар жыныстық тұрғыдан жетілген соң «түнгі көбелектерге» барып жатады. Ал бұл көптеген аурулардың оянып, түрлі вирустардың ағзаға кіруімен аяқталады.
Жыныстық қатынас арқылы жұғатын ең қауіпті дерт – ВИЧ инфекциясы. Бұл аурудың қатерін мен айтпасам да жақсы білесіздер. Бұл соңы өлімге әкелетін ауру, ешкімнің басына бермесін. Қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы жұғады. Аталған инфекция алдымен иммундық жүйеге шабуыл жасап, кейін басқа факторларды әлсірете бастайды. Яғни, СД4 жасушаларының жұмысын әлсіретеді.
«Түнгі көбелектерден» жұғатын аурулар тізімінде сифилис екінші орында тұр. Мерез деп те атайды. Бұл да тікелей жыныстық қатынас арқылы пайда болатын ауру. Оральды, анальды және вагиналды жолмен де жұға береді. Үшінші орында гепатит ауруы тұр. Жыныстық қатынас арқылы жиі таралатын аурулардың бірі осы. Сондықтан, жеңіл жүрісті қыздармен байланысатын болсаңыдздар, міндетті түрде осы үш вирусты тексеру қажет. Жалпы, ВИЧ және гепатитті отбасылы, артық жүріс-тұрысы жоқ адамдардың да тексертіп тұрғаны дұрыс», - дейді дәрігер. Сондай-ақ,
Олжас Иманғалиұлы тоғыз түрлі жұқпалы вирустардан туындайтын ауру түрлеріне де тоқталды.
«Жыныстық жолмен келесі вирустар ауру таратады: хламидия, трихомониаз, микоплазма, уреаплазма, гарднерелла, цитомегаловирус, жай герпес вирусы, кандидалар, гонорея. Бұлардың барлығы да қауіпті, бірақ, дер кезінде емдесе, аурудың алдын алуға болады. Мәселен, хламидия үрпі жолдарына түсетін болса, еркектің төсектегі белсенділігін, ұрық сапасын төмендетеді. Шәует жүретін каналдың бойын бітеп, бедеулікке алып келеді. Сол себепті, дереу емдеу қажет. Хламидия әйелдер үшін де қауіпті, түрлі ауруларға алып келеді. Ал еркектерде асқынатын болса, простатит қаупі де төнеді. Басқа вирустар да түрлі жыныстық ауруларға әкеледі.
Сондықтан, ерлер қауымы жеңіл жүрісті қыздарға көп бармай, үйленіп, отбасылы болып, салауатты өмір салтын ұстағаны жөн», - дейді уролог.