08.09.2021, 21:26

Елімізде оқу жылы басталғалы бері 426 оқушы Covid-19 жұқтырған

Фото: UNICEF
Республика мектептеріндегі 241 сынып карантинге жөнелтілді.

Оқу жылының басынан бері Қазақстанда мектеп оқушылары арасында Covid-19 жұқтырудың 426 жағдайы тіркелді, деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Әр жағдай бойынша эпидемиологиялық тергеу жүргізілді, оның қорытындысы бойынша аталған балалардың ауруды демалыс уақытында жұқтырғаны және коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастармен байланыста болғаны анықталды" ,- деді Зәуре Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, барлық байланыста болған 3 мыңнан астам оқушыға ПЦР-зерттеу жүргізілген. Олардың үшеуінде ғана ПЦР тесті коронавирус инфекциясының бар екенін растады.

Республика мектептеріндегі 241 сынып карантинге жөнелтілді. 356 сыныпта бір ауру жағдайы тіркелсе, 62 сыныпта - әрқайсысы екі жағдай, 11 сыныпта - үш жағдай тіркелген. 

Алматыда 23 сынып карантинге жабылған, барлық мектептер офлайн форматта жұмысын жалғастыруда.