Мамандар астаналықтарды КВИ вирусына қарсы уақтылы вакцина алуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалада 6 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Онда 184 төсек-орын бар. Қазір инфекциялық стационарларда 105 адам жатыр, жүктеме 53,8%. Оның ішінде 85 пациенттен КВИ расталды, қалған 20 адам пневмониядан емделуде. Сонымен қатар реанимация бөлімінде 7 пациент ем қабылдауда», - деді Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов қала әкімдігінде өткен брифингте.
Спикер келтірген дерекке сәйкес, бүгінде коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компонентін 537 863, ал 2-компонентті 520 822 адам алды. Ревакцинациядан 169 мың адам өтті.
«Коронавирустан емделгеннен гөрі оның алдын алған дұрыс. Вирустан сақтануда вакцинаның үлкен рөл атқаратынын тағы бір еске салғым келеді. Уақтылы вакцинация және ревакцинациядан өткен адам иммунитеті 90 пайыз жағдайда індетке еркін төтеп береді. Қазір елордада 12 мыңға жуық вакцина бар. Олардың қатарында Казвак, Синофарм және Пфайзер. Сол сияқты 34 екпе егу кабинеті жұмыс істейді», - дейді ол.