Ауыл шаруашылығын субсидиялауға соңғы 5 жылда 2 триллион теңге бөлінген. 2019-шы жылы 324 млрд, 2020 мен 21-де 350 млрд теңгенің айналасында жұмсалса, былтырдан бастап бұл қаржы 400 млрд-тан асады. Яғни, жыл сайын шаруаларға берілетін ақша көбейіп келеді. Десе де, бұл салада ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ, деп хабарлайды Atameken Business арнасы.
Қаржы шаруаға жетпей, орта жолда талан-таражға түседі. Бұл мәселені Тоқаевтың өзі де сынға алды. Ол субсидия беру жүйесі күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес деді.
“2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу қияметтің қиыны”, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Агро-сектор ақша жымқыру, "бармақ басты, көз қыстыға" жол беру жөнінен алғашқы бестікке кіреді. Әкімдіктер, ішкі істер мен мелекеттік кірістер органдарынан кейін 4-ші орында осы ауыл шаруашылығы министрлігі.
Салада жемқорлық фактісімен 2018-19-шы жылдары 300-ге жуық іс қозғалған. Субсидияның қаржысын талан-таражға салу дерегі бойынша 40-қа жуық факт тіркеліпті. Депутатттар сыбайластықтың тамырын түбімен жою үшін, нақты механизм жасау керек дейді.
“Субсидияны біз қалай өзгертеміз? Айлакерлердің қолдарын жетіспейтіндей қыламыз деген сияқты. Біз келеміз де олардың қолдарын шауып тастаймыз. Шапқан кезде айлакердің қолы жетіспей қалады. Бірақ, 97-98 пайызы күнделікті жұмыс істейтін шаруалардың қолы жетіспейді. Соны неге біз ойламаймыз? Әрине жемқорлықпен күресу керек, бірақ жемқорлықпен күресу керек деген терезе мен есіктерді жауып тастап дым істемеу емес қой. Онымен күресу біріншіден субсидияны берудің механизмін қарап, қалай екен, адамдарға қалай айлакерліктің мүмкіндігі ашылған екен. Соны қарастыру керек қой”, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров.