Jusan Bank активтері Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлім етті деп хабарлады turkystan.kz.
«2021 жылы жоспарланған іс-әрекеттің салдарынан Jusan Bank және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы бірқатар ірі активті қамтитын Jusan тобы шетелдік құзыретке шығарылған болатын. Қазақстан Үкіметі іс жүзінде топқа бақылау жасаудан айырылып қалды. Қазақстан Әділет министрлігінің өзге де мемлекеттік органдармен бірге қабылдаған іс-шараларының нәтижесінде Jusan тобы еліміздің құзыретіне қайтарылды. Қажетті құжаттарға қол қойылды», – деді ведомстводан.
Министрлік мәліметінше, топ Үкіметтің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен Қазақстан заңнамасына сай жұмыс істейді.
«Jusan Bank Қазақстанның білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыруға міндеттеме алды. Банк бұған дейін алған мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарады. Мемлекет басшысының сыртқа шығарылған активтерді қайтару тапсырмасын жүзеге асыру жалғасады»,– делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.
Банктен мәлім еткендей, шешімнің бір шарты – қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру. Банк өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң түрде жүзеге асыруды жалғастыруда.
«Біз қазақстандықтардың қаржылық және қаржылық емес қызметтер бойынша артып келе жатқан сұраныстарын қамтамасыз ете алатын заманауи цифрлық банкингті құру бойынша қабылданған стратегияны ұстанамыз. Өткен жылдың табысты нәтижелері және банктің ағымдағы қаржылық жағдайы өзіне алған барлық міндеттемелерді орындауға, соның ішінде мемлекет көмегінің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтаруға мүмкіндік береді», – делінген Jusan Bank ақпаратында.