$ 450.79  482.21  5.05

Су тасқыны: Қазақстанда экономикалық дағдарыс бола ма?

Кризистердің орын алуы арқылы экономикалық саясатта кеткен кемшіліктер түзеліп, жаңа мүмкіндіктер қарастырылады.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Елімізде наурыз айында басталып, 10 облыста төтенше жағдай тудырған су тасқынының беті әлі де болса қайтар емес. Мемлекет пен жергілікті биліктер табиғат апатына еш дайындықсыз болғанын мойындап, бар күшін салдарымен күресуге жұмылдыруда. Ал қамсыз отырған қара халықтың жағдайы тіпті мүшкіл. Бұл жағдайдың арты экономикалық дағдарысқа әкеле ме, әлде жоқ па деген сауал көптің көкейінде екені рас. Осы сұрақ төңірегінде Skifnews.kz ақпараттық порталы экономист маманның пікірін сұрап, қазіргі ахуалға сараптама жасап көрді.

Президент халыққа арнаған Үндеуінде Қазақстан 80 жылда бірінші рет мұндай ауқымды көлемдегі табиғи апатпен бетпе-бет келіп отырғанын айтты.

Бүгін мен еліміздің азаматтарына арнайы үндеуімді жолдап отырмын. Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салып жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТЖМ жариялаған бүгінгі деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 862 жеке тұрғын үй, 1 065 аула аумағы су астында қалуда. Су жүрген 40 автожол, су шайған 61 автожол, оның ішінде 10 көпір және 51 жол төсемі бақылауда қалуда. 44 елді мекен көлік қатынасынсыз қалуда, оларға қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары құрылды.  Зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 5 029 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Сондай-ақ су тасқынына байланысты халыққа жолдаған Үндеуінде Президент:

Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет, - деп тапсырған еді.

ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 860 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларына» сәйкес «мемлекеттiк материалдық резерв – жұмылдыру мұқтаждарына, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiндегi шараларды қолдануға, нарыққа реттеушiлік ықпал етуге, босқындарға көмек көрсетуге және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған материалдық құндылықтар запасы» деп көрсетілген.

Яғни бұл әу баста елде табиғи апат, соғыс, іштен немесе сырттан әсер еткен әр түрлі факторлардың себебімен орын алған төтенше жағдайларда қолданылу үшін арнайы жинақталатын материалдық қор. Бірақ осы жерде материалдық резервті қолдану экономикалық дағдарысқа әкелмей ме деген сұрақ туындайды. Осы жөнінде экономика ғылымдары бағытында Phd докторы, қауымдастырылған профессор Изекенова Асель Құлынтайқызына сұрақ қойған едік.

Біріншіден, экономика кризиссіз, үнемі тұрақты қалыпта тұруы мүмкін емес екенін ескеру керек. Кризистердің орын алуы арқылы экономикалық саясатта кеткен кемшіліктер түзеліп, жаңа мүмкіндіктер қарастырылады. Екіншіден, экономикалық кризис - мемлекеттің кірісіне залал келгенде орын алады. Елімізге қатысты айтар болсақ, мысалы, мұнайдың бағасы төмендеп кетсе немесе уран, хром сияқты сұраныстағы пайдалы қазбаларға сұраныс төмендесе немесе тоқтаса, т.б. осы сияқты елдің кіріс көзіне тікелей әсер ететін жағдайларда экономикалық дағдарысты күтуге болады.

Бірақ дәл қазір мемлекетте орын алып отырған жағдай елдің табысына, кіріс көзінен гөрі, мемлекеттік шығындарға тікелей әсер етіп отыр. Мемлекеттік бюджет 5 жыл алға жоспарланатынын ескерсек, бүгінгі таңда болып жатқан шығындар еш жоспарда болмады. Міне, осындай жағдайларға мемлекет енді қаржы тарту керек болады. Егер төтенше жағдайларға деп арнайы жинақтаған материалдық резерв болса, бұл әрине, орынды шешім жолы. Бірақ бұл материалдық резерв сондай-ақ біздің болашақ ұрпаққа деген жинағымыз екенін де ескеру керек. Сондықтан мемлекет ірі кәсіпкерлерді, әр түрлі қорларды да шығынның бір жағын көтеру үшін материалдық қолдауға тартады. Мұны біз күнделікті жаңалықтардан естіп отырмыз.

Менің бақылауым бойынша, су тасқынының залалы республикалық деңгейде экономикалық дағдарыс тудырмайды. бірақ жергілікті өңірлерде экономикалық тұрғыдан және сол аймақтардағы халықтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі жағынан үлкен қиындықтар тудырады. Себебі, қазір бәріміз көріп отырғандай қанша мал қырылды, қанша үй, саяжай суға кетті. Мысалы, Құлсары сияқты тек қана мал шаруашылығымен табыс тауып отырған шет аймақтағы өңірлер негізгі табыс көздерінен айырылды. Мемлекет шығынды өтеген күннің өзінде халықтың аяққа тұрып кетуі үшін әлі біршама уақыт қажети болады. Сондықтан  бұл өкінішке орай су тасқыны болған өңірлердегі халық үшін үлкен тұрмыстық қиындықтарға әкеліп соқтыратыны және сол өңірдегі биліктің экономикалық тұрғыда біраз тұралауына себеп болады. Ал мемлекеттік деңгейде шығындарды дұрыс қамтамасыз ете алса,  анау айтқан экономикалық дағдарысқа себеп болмайды, - деді маман.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары