$ 471.46  555.38  6.18

Қазақстан банктері кімге тиесілі? Жасырын иелерді анықтайтын жаңа ереже қабылданды

Қазақстанда банктердің нақты иелерін анықтауға бағытталған жаңа талаптар енгізілді.  

Фото: istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкті немесе банктік холдингті кім шын мәнінде бақылайтынын айқындайтын ережелерді бекітті. Енді тек акцияға иелік ету емес, банкке берілген ірі қаржы, жеңілдетілген қарыздар мен түрлі қаржылық тетіктер арқылы ықпал ету де есепке алынады. Яғни, бұрын “көлеңкеде” қалып келген ықпал етушілерді анықтау көзделіп отыр.Бір қарағанда, бұл қаржы жүйесін ашық етуге бағытталған дұрыс қадам. Бірақ бұл жаңалықтың өзі Қазақстандағы банк жүйесінің ішкі мәселелерін ашып беріп отыр.

Ең басты сұра неге банктердің нақты иесін анықтау үшін осындай қатаң ереже енді ғана керек болды?

Себебі елдегі банк жүйесі ұзақ жылдар бойы формалды құрылымдар арқылы басқарылып келді. Ресми акционер басқа, ал нақты шешім қабылдайтын тұлға мүлде басқа болуы құпия емес. Кейбір қаржы топтары банктерді тікелей емес, жанама жолмен бақылап, тәуекелді шешімдер қабылдап келгені туралы да талай айтылды. Мәселе тек меншік құрылымында емес. Банктердің халыққа қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді.

Біріншіден, пайыздық мөлшерлемелер. Қазақстанда несие алу қымбат. Тіпті кей тұста шамадан тыс қымбат. Банктер өз тәуекелін сылтау етіп, пайызды көтереді, бірақ бұл тәуекелдің бір бөлігін халықтың өзі көтеріп отырғанын ашық айтпайды. Қарапайым адам үшін несие қажеттілік, ал банк үшін табыс көзі. Бірақ осы тепе-теңдік бұзылған.

Екіншіден, комиссия мен жасырын төлемдер. Клиентке ұсынылатын шарт бір бөлек, ал нақты төлем кезінде шығатын қосымша шығындар мүлде басқа. Бұл ашықтықтың жоқтығын көрсетеді.

Үшіншіден, жауапкершілік мәселесі. Банк жүйесінде проблема туындаса, зардап шегетін клиент. Ал банктердің өзі көбіне жауапкершіліктен “айналып өтудің” жолын табады. Мұны соңғы жылдары болған түрлі техникалық ақаулар мен жүйелік іркілістер де көрсетті.

Тағы бір маңызды мәселе экономиканы несиелеу. Банктер көбіне бизнеске емес, тұтынушылық несиеге басымдық береді. Себебі ол тез әрі оңай табыс әкеледі. Ал нақты сектор, өндіріс, шағын бизнес көбіне қаржыландырусыз қалады. Бұл экономиканың дамуын тежейтін фактор.

Сарапшылардың айтуынша, егер банктердің шынайы иелері толық ашылса, онда олардың қабылдайтын шешімдеріне де жауапкершілік артады. Бірақ тек иесін анықтау жеткіліксіз. Жүйенің өзі өзгермесе, нәтиже де өзгермейді.

Бүгінгі жаңа ереже тек бастамасы. Бірақ ол нақты өзгеріске әкелуі үшін бақылау да, талап та күшеюі керек. Әйтпесе, банктер бұрынғыдай табысын арттырып, ал тәуекелін қоғамға бөліп бере беретін жүйе өзгермей қалуы мүмкін. Жаңа ережелер банк секторындағы ашықтықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болғанымен, жүйелі мәселелерді толық шешпейді. Қазақстанда банктердің табысы мен халықтың қарызы арасындағы теңгерім бұзылған. Нарықтағы бәсекенің шектеулі болуы, пайыздық мөлшерлемелердің жоғары деңгейі және экономиканың нақты секторына қаржыландырудың жеткіліксіздігі негізгі проблемалар қатарында. Сондықтан банктердің нақты иелерін анықтау жеткіліксіз. Қаржы жүйесінде түбегейлі өзгеріс болуы үшін реттеу саясаты, бәсекелестік орта және жауапкершілік тетіктері қатар күшейтілуі тиіс. Әйтпесе, жаңа талаптар тек формалды шара ретінде қалып, банк жүйесінің қазіргі моделі өзгеріссіз қалуы ықтимал.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0