$ 478.93  534.96  5.16

Үкімет Жезқазған өңірінің дамуы бойынша арнайы бағдарлама әзірлейді

Жезқазғанның кен өнеркәсібін дамытуға 200 млн. доллардан астам қаражат бағытталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазған –Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол желілерінің ашылу салтанаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

– Осында, Жезқазғанда болғандықтан, мен өңір туралы сөз қозғамай кете алмаймын. Қала үнемі назарда болды. Соңғы жылдары мыс кені қорының таусылып жатқанына байланысты біз қиындықтарға тап болдық және Жезқазған мыс қорыту комбинаты тоқтауға мәжбүр болды. Мен Жезқазған экономикалық өнеркәсіп өңірінің даму желісі бойынша үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырдым. Кен ошағында тұрған ауылдардың тұрғындарын басқа орындарға қоныстандыруға, көлемі екі миллион тонна мыс алу үшін және Жезқазғандағы мыс қорыту зауытын іске қосуға 240 млн. доллар бөлінді, – деп мәлімдеді Елбасы теміржол желілерінің ашылу салтанатында. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясына бүгінде тоқтап тұрған жоғарыда аталған зауыттың жұмысшыларын жалақымен қамтамасыз ету тапсырылды. 

– Мұндай әлемде ешқашан болған емес. Бір кездері Лондонда көмір өндіру кіріс әкелмегендіктен, шахталар жабылған еді. Нәпақасын тауып отырған 100 мың адам жұмыссыз қалған болатын. Сондықтан жезқазғандықтар оларға көрсетіліп отырған қамқорлық үшін үкімет пен Қазақмыс корпорациясына риза болуға тиіс. Қарашада біз зауытты іске қосамыз (мыс қорыту зауыты – автор ескертп.), адамдар өз жұмысына қайтып оралады, – деді Президент. 

Жаңа теміржол бағыттарының ашылуын атап өткен Мемлекет басшысы мұның Қазақстан таңдаған жолдың дұрыстығын көрсететінін айтты. 

– Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл желілері өңірдің кейпін тұтастай өзгертіп отыр . Жезқазғанда енді темір жол қозғалысы жанданып, қала өңірлерді бір-бірімен байланыстыратын орталыққа айналады. Бұл қаланың дамуы үшін өте маңызды. Арқалық та көлік тұйығы болмайды. Бұл үлкен бақыт әрі маңызды оқиға. Енді ол республикалық және халықаралық маңыздағы стратегиялық бағытта орналасып отыр. Біз байтақ еліміздің шығысын, орталығы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін темір жол арқылы берік байланыстырдық. Бұл бизнес үшін де үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, – деп атап өтті Елбасы. 

Естеріңізге салып өтсек, бүгін Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл жаңа теміржол желілерінің ашылуы болып өтті. Қазақстан Президенті атап өткендей, жоба сомасы 500 млрд теңгені құраған. 

Ашылу салтанаты тікелей қосылу арқылы құрылыстың 4 жөнелту нүктесінде: Маңғыстау облысында Бейнеу стансасында, Ақтөбе облысында Шалқар стансасында, Қызылорда облысында Сексеуіл стансасында және Жезқазған қаласында өтті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары