Chance көлігін шығаруды тоқтату 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа техникалық регламент ережелеріне байланысты болып отыр, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Бұл туралы AllurGroup компаниясының баспасөз хатшысы Вячеслав Балыков айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанның мұндай қадамға баруына Украинадағы саяси тұрақсыздық ықпал етті.
– 2014 жылдың соңғы тоқсанында соңғы көлік комплекті құралады. Бірақ, қосалқы бөлшектер сұранысқа қарай Украинадан әкелінетін болады. Осы жағдайға байланысты компания жұмыс орындарын қысқартуды көздеп отырған жоқ. Chance өндірісіндегі мамандар SsangYong пен Peugeot өндіріс алаңына көшірілетін болады. «АгромашХолдинг» зауытында аталған өзгеріске байланысты шығындар есептелді. Компания жақын арада SsangYong пен Peugeot өндірісін кеңейте түспек, – деді ол.
Биыл «АгромашХолдинг» АҚ 125 Chance маркалі көлігін шығарса, былтыр өнім саны 1976 болатын.
Қиын жағдай Украинадағы ZAZ өндірісінде де орын алды. Запорождық алпауытта да жағымсыз экономикалық, геосаяси факторлардың салдарынан өндіріс көлемі қысқарды.
«Укравтопром» қауымдастығының таратқан ақпараты бойынша, ZAZ маусымда 716 көлік шығарса, шілдеде бар-жоғы 8 көлік шығарған.