Кеше Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Екібастұз қаласындағы «Вершина» ЖШС-тің жаңа кірпіш зауытының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шағын қалаларды дамыту және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары аясында іске асқан зауыт толықтай өндірістік қуатына кіріскенде жылына 36,0 млн. дана құрылыс кірпішін шығарады. Инвестициялық жобаның жалпы қуаты – 2,2 млрд. теңге. Зауыттың ашылуымен жаңа 110 жұмыс орны құрылса, зауыт толықтай жұмыс жасағанда жұмысшылар саны 140 адамға дейін артады.
– Біздің зауыт заманауи жапондық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Барлық өнім зертханада сынақтан өтеді. Өнімнің 35 пайызын Астана, Павлодар мен Қарағанды қалалары нарығына өткіземіз. Бүгінде біздің кірпіштермен балабақшалар, мектептер мен емханалар құрылысы салынуда, – деді «Вершина» ЖШС бас инженері А. Қуанышев.
Сонымен қатар облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Қарасор тау-кен байыту комбинаты» ЖШС-і кірпіш шығару зауыты құрылысымен танысты.
Аталған кәсіпорын негізінен құм мен саз өндіруге бейімделген.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Төлеген Анабаевтың айтуынша, кірпіш шығару туралы шешім Омбы қаласында жергілікті саз шикізатынан кірпіш шығаруға болады деген сараптамалық қорытындыдан кейін туындаған.
Кірпіш зауытының құрылысы 2013 жылы басталған, жобаны 2015 жылы толық іске қосу жоспарланған. Жоба құрылысына бөлінген жалпы инвестиция көлемі 107,5 млн. теңге, оның ішінде 97,8 млн. теңге – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша алынған несие қаражаты.
Болашақ зауыттың өндірістік қуаты – жылына 20-30 млн. дана кірпіш шығару. Өнім елімізде ғана емес, Ресейге де экспорталады. Сатылымға қойлатын кірпіш құны 33-35 теңге көлемінде болмақ.