$ 444.22  476.38  4.82

22 жыл тұралаған Жалағаш элеваторы қайта күріш қабылдай бастады

Жиырма екі жылдан соң Жалағаш элеваторы қайта күріш қабылдады. Бүгін диқандар 450 мың тонна күрішті элеватордың қамбасына әкеп құйды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда, өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС құрылып, 42 шаруашылықпен келісім-шартқа отырған.

Жалпы, Сыр диқандары биыл 161,4 мың гектар жерге егін ексе, соның 81,2 мың гектары күрішке тиесілі. Ағымдағы жылы егіншілік саласын субсидиялауға республикалық және жергілікті бюджеттен 5,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Өткен жылы күріштің гектарынан орташа есеппен 49,9 центнерден өнім жиналған-ды. Мамандар биыл да бұл межеден түспейтіндігін айтып отыр. Қазіргі таңда диқандар 15 мың гектар алқаптың күрішін орып болды. Жалпы қажетті жанар-жағармайдың 60 пайызға жуығы шаруашылықтарға жеткізілген. Бұл бағытта 11 оператор жұмыс жасап жатыр. Облыс әкімі сала басшыларына барлығы бақылауда болуын қатаң тапсырды. Яғни, диқандардың маңдай тері зая кетпесін деді. Қазан айының алғашқы он күндігінде күріш орылып болады. Ендігі міндет мерзімнен кешіктірмеу.

– Өткен жылы біршама шаруашылықтардың аяқтан тұруына жағдай жасадық. Тәуелсіздік жылдарына бос тұрған Жалағаш элеваторы іске қосылды. Көктемде 42 шаруашылықпен келісім жасасып, өнімді сатып алуға 809,9 миллион  теңге төленіп қойды. Бүгін алғашқы күріш элеваторға әкелінді. Облыста майда шаруашылықтар көп. Тіпті қолдарында техникалары жоқтары да бар. Сондықтан алдағы уақытта оларды басқа өнім түрлерін өсіруге бағыттауымыз қажет,  деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Қазіргі таңда облыста күріш егіп отырған 350 майда шаруашылық бар. Оның үстіне 2017 жылдан бастап өңірлік мамандандыру картасы негізінде ауыл шаруашылық құрылымдары қаржыландырылатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары