$ 498.34  519.72  4.85

Қарағандыда 7 қыздың анасы көптен күткен ұлын дүниеге әкелді

Қарағандылық ерлі-зайыптылар Думан Оспанов пен Зәмзәгүл Мамалинованың отбасында сегізінші сәби дүниеге келді жазады eKaraganda порталы. 7 қыздан кейін туған ұл баланы ата-анасы Нұртілеу деп атапты. Бұл шаңырақтың үлкені 25 жасқа толса, кіші қыз небәрі екіде екен.

42 жастағы батыр ананың айтуынша, некелесер кезде көп балалы ана атану оның ойында болмапты. Шаңырақ құрған сәттен бастап ерлі-зайыптылар ұл бала сүюді қалаған. Бірақ, 25 жыл бойы отбасында тек қыздар дүниеге келген екен. Үлкен қыз бүгінде педагог-психолог мамандығы бойынша жұмыс істесе, екіншісі темір жол саласында. Үшінші қыз қазір медициналық колледжде оқып жүр. Кіші қыздар мектепте, түрлі үйірмелерге қатысып, өнерге жақындықтарын көрсетуде.

Аналық жауапкершілігі жыл сайын артқанына қарамастан Зәмзәгүл осы уақыт аралығында екі бірдей мамандықты меңгеріп алған (филолог және заңгер). Еңбек өтілі де 10 жылдан асып қалыпты. Қазір ол бала күтімі бойынша демалысқа шығып, үйінде отыр. Жан жары Думан Оспанов болса "Қарағанды су" компаниясында жұмысшы.

"Ұлды болу біздің арманымыз еді. Біз нағыз қазақы отбасымыз", - дейді батыр ана тілшілерге берген сұхбатында.

Өкініштісі сол, 8 баласы бар отбасының баспанасы жоқ. Олар қазір 3 бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Өздерінің бұрынғы үйінің халі тым мүшкіл болғандықтан өткен бағасына сатып жіберген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары