Талдықорғанға қарасты Үйтас саяжайы маңындағы петроглиф жазулары ғылыми зерттеуді қажет етеді. Бұл пікірді Алматы облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Есет Дәуренбаев білдірді.
Есет Жеңісұлының пайымынша, б.з.д. X-XІІ ғасырларға тиесілі ескерткіш маңынан ежелгі тайпалар өмір сүрген қалашық болуы мүмкін. Қазіргі таңда Үйтастағы сайжайда 2-3 гектар жер арнайы мемлекеттік қорғауға алынған. Бұл аймақта қола дәуіріне жататын тасқа қашап салынған безендірулерді көруге болады. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғалымдары арнайы зерттеген құнды жазбаларды қола дәуіріне жатқызды. Зерттеу жұмыстары 2010-2011 жылдары жүргізіп, анықталған. Тастағы суреттерде көбіне аң-құстардың, жануарлардың оның ішінде, таутеке, жылқы, түйелердің және аңшы адам бейнесін көруге болады.
«Ғалымдардың сараптамасына сәйкес, Үйтас саяжайындағы көне ескерткіш маңында ежелгі сақ тайпалары мекен еткен. Олар Қаратал өзенінің оң жағында өмір сүрген. Түрлі тастарға қашап жазылған ескерткіш маңына ғылыми зерттеу жүргізетін болсақ, әлі талай тың дүниелердің табылуы мүмкін. Тіпті ол жерде үлкен қалашықтың да шығуы ғажап емес. Бүгінгі таңда біз осы жұмыстарды қолға алсақ деп отырмыз. Арнайы қорғау аймағының шекарасын ұлғайтып, бекітіп, болашақта туристерге тамаша экскурсиялық шаралар өткізу жоспарда бар. Осы Үйтастағы петроглифтерді ашық аспан астындағы музейге айналдыру қажет», дейді Алматы облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Есет Дәуренбаев.
Сондай ақ, Есет Жеңісұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау білдіріп, ондағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында арнайы жоспар бекіткенін жеткізді. Аясында тарихи маңызы бар ескерткіштерге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, қорғау тақталарын орнату, туристерге арнайы саяхат ұйымдастырып, тарихи-танымдық сағаттар өткізуді көздеп отыр. Жалпы бүгінде Алматы облысында 2345 тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Оның ішінде 1250-і археологиялық ескерткіш. Осы архологиялық ескерткіштің 4-і ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген. Атап айтқанда, Жамбыл ауданындағы Қарабастау ауылындағы «Таңбалы тас» тарихи-мәдени және табиғи мемлекеттік қорық-мұражайы, Талғар ауданындағы ортағасырлық «Талхиз», Балқаш ауданындағы «Қара мерген» және Сарқан ауданындағы ортағасырлық «Қойлық» қалашықтары бар.