$ 498.34  519.72  4.85

Н.Назарбаев: Латынға көшу - әлем қазақтарын жақындата түседі

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі әлем қазақтарының бірлігін арттыра түседі. Бүгін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі - жаһандық ғылым мен білім жүйесіне өтуіміздің басты қадамы. Бұл біздің рухани бірлігімізді нығайтады. Бұрынғы посткеңестік кеңістікте, ТМД аумағында біз кирилл әліпбиін, Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды, Еуропадағы ағайындар латынша жазуды пайдаланып келеді. Сонда біздің ортақ тіліміз бір, бірақ жазуымыз үш түрлі. Бір-біріміздің жазуымызды түсіне алмаймыз. Бұл бізді алыстата түседі. Қазір біз заманауи ғылымды, технологияны меңгеруге әрекет етіп жатырмыз. Бұлардың бәрі латын қарпінде жазылған. Қазір біз осы кемшіліктің орнын барынша тез толтырудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Яғни, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру керек. Бұл бізді рухани тұрғыда жақындата түседі», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, латынға көшуді белгіленген мерзімінен бұрын жүзеге асыру керектігін де айтты.

«Мен өз жолдауымда латынға көшуді 2025 жылға белгілеген болатынмын. Бірақ, бұл мәселені соза беруге болмайды. Біздің ғалымдар бізге қажетті әліпби нұсқаларын зерттеп анықтап алуы қажет, түрік әліпбиін, Әзірбайжан, Өзбекстан секілді елдердің әліпбиін зерттеп, олардың кемшіліктерін қайталамай, өзіміздің әліпбиді жасаулары тиіс. Меніңше, бұл ешқандай қиындықты туғызбайды. Өйткені, біздің балаларымыз бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Барлық мектепте ағылшын тілі үйретіледі, яғни балаларымыз латынша жаза алады. Біздің қатарымыздағылар да латыннан қинала қоймайды. Кей замандастар кітаптарымыз не болады деп алаңдаушылық білдіріп жатыр. Қазір интернеттің заманы, демек оларды аударуда да ешқандай проблема болмайды», - деді Елбасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары