Күні кеше әлемнің түкпір-түкпірінде тағдыр тауқыметімен тарыдай шашылған қазақтар Астана төрінде бас қосып, атамекен іргесін бекітіп, экономикасын нығайтудың жолдарын талқыға салды. Оған төрағалық еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сыртта жүрген талантты жастарды тарихи отанын гүлдендіріп, дамуына атсалысуға шақырды. Осы жиында Елбасының баяндамасы мен берген тапсырмаларына қатысты танымал саясаттанушы Ерлан Сайыров пікір білдірді.
Дүние жүзінде отандастарын өзінің еліне мемлекеттік деңгейде көшіріп жатқан үш мемлекет бар, олар – Қазақстан, Германия және Израиль. Алайда соңғы он жылда әлемді жайлаған экономикалық дағдарысқа қарамастан отандастарын еліне жүйелі түрде көшіріп жатқан жалғыз мемлекет – Қазақстан ғана.
«Соңғы екі-үш жылдың ішінде отандастарымызды елге көшіруде белгілі бір проблемалар болған. Таяуда өткен Құрылтайда Елбасының берген тапсырмасы бойынша аталған түйткілдер өз шешімін жүйелі түрде табады деген сенімдемін», - дейді белгілі саясаттанушы. Айтуынша, осы мәселеде Елбасының «Отандастар» қорын құру идеясы ұлы көштің тамырына қан жүгіртіп, Қазақстандағы қазақ санын арттыруға зор мүмкіндік береді.
«Біріншіден, Елбасы Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың арасындағы гуманитарлық, мәдени және әлеуметтік байланысты арттыру үшін «Отандастар» деген қор құруды тапсырып отыр. Бұл Қор, ең алдымен, шетте жүрген 5 млн отандасымыз бен Қазақстан арасындағы мәдени мәселелерді шешетін болады. Екіншіден, елімізге көшіп жатқан көштің қазақстандық қоғамға ыңғайлы сіңісуіне қажетті әлеуметтік-техникалық барлық мәселелерді реттейді», - деген сенімде саясаттанушы.
Сайыров мырзаның аса үлкен мән берген тағы бір мәселесі – елге көшіп келген қандастарды жұмыспен қамту жайы. Бұған дейін көшіп келген азаматтарды жұмыспен қамту жайы нақты жолға қойылмаған еді. Көптеген азаматтар өздерінің ырқымен, күшімен жұмыс тауып, біраз қиыншылыққа тап болғаны рас. Енді Елбасы көшіп келген қандастарымызды жұмыспен қамту картасын әзірлеуді тапсырып отыр. Бұл тапсырманың маңызын саясаттанушы былай түсіндірді.
«Себебі, өздеріңіз білесіздер, Президент «Жаңғырту 3.0» Жолдауын, жақын арада «Рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Осы бағдарламаларда көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан халқына сырттан келген гуманитарлық күштер қажет. Менің ойымша, сыртта жүрген осы 5 млн отандасымыз Қазақстанның ішіндегі әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуде, экономикасын ноу-хау бағытта дамытуда үлкен үлес қоса алады. Өйткені сыртта жүрген қазақтар, біріншіден, екі-үш тілді еркін меңгерген. Екіншіден, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешудің дүниежүзілік тәжірибелерін бойларына сіңірген. Сондықтан олар Қазақстанға келіп, біраз қызмет ететін болса, біздің экономикамыздың ішкі құрылымы өзгеруі ықтимал. Дүние жүзінде қызмет көрсету саласы ІЖӨ-нің 30-40 пайызын құрайды. Шетте жүрген қандастарымыздың көбі осы қызмет көрсету саласында, яғни олардың экономикамыздың құрылымын өзгертуге қосар септігі өте жоғары», - дейді ол.
Ғалымдардың пайымынша, 2050 жылға қарай дүниежүзі халқының саны тағы 2 млрд-қа дейін көбейеді. Яғни әлемде азық-түлік тапшылығы проблемасы басты орынға шығады деген сөз. Бұл тұрғыда Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуеті зор. Бірақ осынау артықшылықты тиімді пайдалану үшін бұл салаға жердің қыр-сырын жетік меңгерген Қытай мен Өзбекстандағы қандастарды тарту керек деп санайды саясаттанушы.
«Қазақстан ауыл шаруашылығының әлеуеті өте зор. Ал Қытайда немесе Өзбекстанда жүрген қандастарымыздың осы ауыл шаруашылығы, жер саласындағы іс-тәжірибесі өте жоғары. Қазақстанды ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру технологиясын экспорттайтын елге айналдыру үшін осы азаматтардың еңбегін пайдалану қажет», - дейді ол.
Сондай-ақ, елімізге инвестиция тартуда да сыртта жүрген қандастарымыздың тигізер пайдасы мол. Қытай, Израиль шетелдегі қандастарын елінің экономикалық мүдделері үшін пайдаланады екен. Қазақстан да осы құралды қалыптастыруы қажет сияқты.
«Өйткені Батыс Еуропа, Америка немесе Австралияда жүрген біздің қандастарымыздың басым көпшілігі бизнес саласында еңбек етеді. Халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеудің негізін жақсы меңгерген. Егер олар елімізге бизнес жасаудың шетелдік мәдениетін әкелетін болса, ішкі бизнес жүргізу мәдениеті де белгілі бір дәрежеге көтерілері хақ», - дейді сарапшы.
Елбасымыздың Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында жасаған баяндамасы, берген тапсырмалары елімізді модернизациялаудағы, ел экономикасының құрылымын өзгертудегі үлкен бір қадам деп санайы Сайыров мырза. Осы тұста ол Елбасының соңғы кездері шетелден келген қазақтарды оралмандар емес, отандастар деп атауына аса үлкен мән берді. ң өз маңызы
«Біз қай жерде жүрсек те, қай елде жүрсек те, біз оралман емеспіз, барлығымыз – түбіміз бір, отанымыз да бір қазақпыз. Шетелде жүрген әрбір қазақ Қазақстанның бір бөлшегі. Бұл бұрыннан келе жатқан еліміздегі стериотиптердің бірі еді. «Отандастар» сөзі сол стериотиптерді бұзуға өте қабілетті», - деді Ерлан Сайыров.
«Елбасы 1 шілдеде Қазақстан халқының саны 18 млн-ға жететіні туралы жағымды жаңалықпен бөлісті. Әр жыл сайын дүниеге келетін сәби саны 400 мыңнан асады. Яғни бұл елімізде табиғи өсімнің де жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Егер өзге елден оралған отандастарымыздың ұлы көші бір жүйеге келтірілсе, әлеуметтік жағдайы оң шешімін тапса, егер олар еліміздің материалдық және материалдық емес игіліктерін жасауға қауқарлы болса, Қазақстан халқының жалпы саны 2030 жылға қарай 20 млн-ға, ал оның ішінде қазақтардың үлесі 85 проценттен асып кетуі ықтимал. Және бұл болжамды нақты жүзеге асыруға барлық жағдай жасалып жатыр», - деп сөзін қорытты Сайыров мырза.
Ботакөз Мақыш