$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда Д.Қонаевты еске алуға арналған мерекелік шара өтті

Бүгін Алматы қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевты еске алуға арналған мерекелік шара өтті. Мерекелік жиын таңнан кешке дейін созылды. Оған Қонаевтың ізбасарлары мен туыстары, тарихшылар, саясаттанушылар, қалалық әкімдік қызметкерлері және студенттер қатысты.

Д.А.Қонаевтың қоғамдық қызметі мен еліміздің экономикасын, мәдениетін дамытудағы қосқан үлесін насихаттауға арналған шаралар таңғы 10-да басталып, кешке дейін жалғасты. Алдымен халық Кеңсайға барып, құран бағыштады. Содан соң Д.А.Қонаев бюстінің алдында жиналып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнда Қонаевтың өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі, басқарушылық қасиеттері мен адамгершілігі жайлы баяндамалар оқылды.

Ал сағат екіде Khama park ипподромында концерттік бағдарлама басталды. Концертке Алматы қалалық әкімдік қызметкерлері мен қалалық Мәдениет басқармасы, Медеу аудандық әкімдігі, Д.А.Қонаевтың қызметтес ізбасарлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, туған-туыстары және қала тұрғындары қатысты. Екі сағаттан соң бәйге ұйымдастырылды. Мәреге бірінші болып келгендерге қомақты жүлделер тапсырылды.

Жалпы бұл Дінмұхаммед Қонаевқа арналып ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараның екіншісі. Бұған дейін 10 мамыр күні Жамбыл атындағы филармонияда концерт өткізіліп, оны 1000-нан аса адам тамашалаған болатын. Ал бүгінгі шара кезінде Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев пен соғыс ардагері Сұлтан Жиенбаев сөз сөйлеп, Қонаевтың тұлғалық қасиеттері туралы жастарға тың ақпарат айтып берді.

«Биыл Дінмұхаммед Қонаевтың 105 жылдық мерейтойы. Мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған бұл мерекелік шараның бұған дейінгілерінен айтарлықтай айырмашылығы мен ерекшелігі болды. Бүгін Алматы және Алматы облысы бойынша 1500 адамға ас берілді. Өте үлкен көлемдегі шара өткізілді. Концерт пен бәйге ұйымдастыру да бүгінгі шараның көркін кіргізді. Негізгі ұйымдастырушы генерал Аман Смағұлұлы Шардарбаев. Ол кісі кезінде Қонаевтың жеке күзетшісі болған», - дейді Д.А.Қонаев музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Мәдиқызы.

Айта кетсек, Дінмұхаммед Ахметұлы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Алматы қаласында қызметкерлердің отбасында дүниеге келген. Тау кен инженері мамандығын алған. Бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері қызметтерін атқарған. Саяси жолына тоқталар болсақ, 1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылады. 18 минут өткізілген пленумда оның орнына Ульяновск облысынан Г.В. Колбин келеді. Осы тұста орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Оның арты Желтоқсан оқиғасына ұласты. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған уақытта мәдениеттілігімен, ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін жан екенін көрсетеді. 1993 жылы тамыздың 22-і күні 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары