Алматы – жыл сайын инновациялық және индустриялық жағынан дамып, өркендеп келе жатқан қалалардың қатарынан алғашқы орындардың бірін алары сөзсіз. Оған биылғы жылдың жартыжылдығы бойынша жарияланған ресми көрсеткіштер дәлел бола алады. Жалпы қазіргі таңда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй коммуналды шаруашылық инфрақұрылымы мен жылу және су жүйесін модернизациялау бойынша үш бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Алматы қаласы әкімдігі жариялаған ресми дерекке сәйкес, екі жылдан бері ауқымды нысандарға қажетті инфрақұрылым үшін 81 шақырым желі тартылған, 13,9 шақырым желі қайта жөндеуден өткізілген. Оның ішінде Универсиада ғимараттары бар. Оған қоса, құны 9,9 млрд. теңге болатын нысындарды жаңарту қолға алыныпты. Осылайша шығын 2,3%-ға, апат саны 3,2%-ға азаяды екен.
Жақында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуына аралық қорытындысын жасап, экономикамызды цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өткен еді. Бұл бағытта Алматы қаласы да жаңа жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Негізінен Алматының индустриалды-инновациялық дамуының қозғаушы күші – кәсіпкерлік саласы. Мысалы, Алматының кәсіпкерлікті қолдау Картасына құны 190 млрд. теңге болатын әрі 12 мың жаңа жұмыс орнын құратын 100 жоба еніпті. 2015 жылдан бері 33 жоба іске асырылып келеді. Жыл аяғына дейін тағы да 22 жоба атқарылуға тиіс.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы негізінде 2015 жылдан бері жалпы құны 4,8 млрд. теңге болатын сумен қамтудың 141 шақырым жаңа желісі, 96 шақырым кәріз жүйесі тартылған. Салыстыру үшін айта кетейік, 2016 жылы 467,2 шақырым инженерлік желі жаңартылған болатын. Ал 2017 жылға 545 шақырым инженерлік желіні салу мен қайта жасау жоспарға енгізілген. Тағы бір айта кетерлігі, осы бағдарлама бойынша 2016 жылы 37 үй жөндеуден өткізіліп, 47 лифт жаңартылған. Ал биылғы 2017 жылғы меже – 245 үйді қайта жөндеуден өткізу. Жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында да жаңалық көп. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 73 үй салынып жатыр, оның 24-інің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Алматы қаласы әкімдігі берген мәлімет бойынша, биылғы жылдың 7 айындағы инвестиция үлесі 235,7 млрд. теңгеге жетіп, өсім 12,2%-ға тең болған. Биылғы жылы экономикаға жұмсалған мемлекеттік инвестиция көлемі 139 миллардтан 160 млрд. теңгеге жеткен. Бірінші жартыжылдықта республикалық бюджетке 705,3 млрд. теңге құйылған.
Сондай-ақ, тұрғындар жайлылығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойылады. Қазір қала бойынша саябақтарды абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы қайта жасалып, қоршауларды алып жатыр. Оған мысал ретінде Жібек Жолы, Панфилов, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңындағы қайта жөндеу жұмыстарын келтіруге болады. Алматы қаласы әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, жыл соңына дейін 500 аула жөндеуден өткізіліп, 146 шақырым жол жасалады, 57 көшенің 42 шақырымға созылып жатқан арық желісі тазартылады. Сондай-ақ, 32 шақырым жылу жүйесі жаңартылады екен.
Қаланың жол-көлік саласы да реформадан тыс қалмады. «Оңай» жүйесі бойынша 1 млн. 300 мың карта сатылыпты. Бұл жаңалықтың соңы емес. Қазіргі кезде 1337 жаңа автобус жолаушыларды тасымалдайды. Велосипед жүргіншілеріне де қолайлы жағдай жасалып жатыр. «Орбита» ықшамауданынан Көк базарға дейінгі аралыққа велодәліз жасалып, велостанциялар санын 200-ге дейін көбейту міндеті жүктелген.
Алматыға соңғы жылдары қосылған Наурызбай ауданында да өзгеріс көп. Биыл құрылғанына 3 жыл толған ауданда 188 шақырым аумаққа жол төселіп, 2 мектеп мен 3 емхана және 33 балабақша салынды. Аудан толығымен газбен қамтылған екен. Алматы қаласы әкімдігі мамандары «Бұл биылғы жылы атқарылған шаруалардың жартысы, жыл соңына дейін жүзеге асыратын міндет көп», - дейді.