Алматының жас кәсіпкерлері үшін жаңа байқау жарияланды. Қоғамға қажетті, сондай-ақ, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған ең үздік жобаға қалтал азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар ірі көлемде сыйақы беруге дайын.
Үкіметтік емес ұйымдар де отырғанымыз Орталық Еуропа мен Қазақстандағы «Өзгеріске Беталыс» қоры. Аталған ұйымның Алматыдағы өкілдігін басқаратын Татьяна Бурмистрова мұндай әлеуметтік жобалармен бұрыннан айналысып келе жатқанын айтады. Басты мақсат – халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау және кәсібін жаңа бастаған азаматтарға қаржылай қолдау көрсету. Соңғы 5 жылдан бері бұл ұйым осындай 10 жобаны қаржыландырып, 44 адамды жұмыспен қамтыған. Енді бұл бастаманы одан әрі дамытуды көздеп отыр екен.
Қолдау тапқан кәсіпкерлердің бірі алматылық Анна Шелепова. Ол көпқабатты үйлердің балалары үшін 4 жыл бұрын мұз алаңшасын салып берген екен. Алайда, хоккей алаңы тек жылдың бір мезгілінде ғана пайдаға асады. Сондықтан, кәсіпкер әйел қазір нысанды қайта реконструкциядан өткізіп жатыр. Яғни, ойын алаңын балалар жыл он екі ай пайдаланатын болады. Алғашында шығынды сол үйдің тұрғындары мен кәсіпкерлер көтерген болса, қазір Анна 4 миллион теңгенің грантын жеңіп алған. Сондай-ақ, Алматы әкімдігі де оған қол ұшын созып отыр.
«2014 жылы «Өзгеріске беталыс» байқауына қатысқан 150 жас кәсіпкердің ішінен біз оза шаптық. Мұндай қолдау бізге одан әрі демеу берді. Осы аумақта тұратын тұрғындар үшін мұның бәрі тегін болмақ. Ал өзге аудандағыларға ақылы, бірақ, үйірмелерден қарағанда 3 есе арзан болады. Қаланың қақ ортасы болса да, ешқандай у-шу болмайды, кешкі сағат 22-00-ден кейін барлық балалар үйлеріне тарқасады. Бұл алаңға кәсіби жаттықтырушылар келіп, шеберлік сыныптарын өткізеді. Қуантарлығы – балалар кәсіби спортпен айналысуға кірісіп жатыр», - деді Әлеуметтік кәсіпкер Анна ШЕЛЕПОВА.
Әлеуметтік кәсіпкердің міндеті де сол, бизнес көзін дөңгелете отырып, бұқараға да бір пайдасын тигізуі керек. Ал, осындай озық идеялары бар жастарды қалталылар қарқынды түрде іздестіруде. Олар үшін арнайы байқау да ұйымдастырған. Бастысы – бизнесмендер бізде әлі болмаған әлеуметтік жобаларды ұсынса жеткілікті. Даралығын дәлелдеймін дегендер додаға 15-ші қазанға дейін қатыса алады.
«Байқау жайлы естіп отырған студенттер болса, олар үшін біздің есігіміз айқара ашық. Ұсынған жобаларға қаржылық қолдау ғана көрсетіп қоймай, бизнес-жоспарларын құруға, оны сәтті жүргізуге ақыл кеңесімізді аямаймыз. Бүгінде біз мүмкіндігі шектеулі балалар, яки жетім балалар, сондай-ақ, дарынды балаларға арналған жаңа жобаларды іздейміз. 1-ші орын 4 миллион теңге болса, тағы да екі кәсіпкер 700 мың теңден ұтып ала алады», - дейді Орталық Еуропа мен Қазақстандағы «Өзгеріске Беталыс» қорының аймақтық директоры Татьяна БУРМИСТРОВА.
5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл қор 400 өтінішті қарастырыпты. Қазір соның 10 сәтті жүзеге асырылуда. Есесіне, 20 мыңнан астам баланың өмірін жақсартуға себеп болыпты. Ал биылғы жылдың жеңімпаздары желтоқсанда жарияланбақ.