Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу процесі қоғамда әлі талқыланып жатыр. Кешегі қыркүйектің 11-де Парлментке ұсынылған жаңа әліпбидің нұсқасы қоғам белсенділері тарапынан көп сынға ұшырағандықтан, күні кеше тіл мамандары Мемлекет басшысына латын әліпбиінің тағы бір нұсқасын ұсынып көрді. Әзірге бұл жоба да талқыланып жатыр. Ал, ұлт зиялылары болса соңғы нұсқаны қолдап, ең тиімдісі осы екенін айтып отыр.
Досқан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, кино және театр актері:
- Әрине латын әліпбиіне көшу керек. Себебі біздің келешегіміз осыған да байланысты болып келеді. 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу да осыған байланысты. Латын әліпбиіне өту әлемдік инновацияларды жедел игеруге, келешегімізге нық басып, технология мен коммуникацияны меңгеруде мүмкіндік беретін құрал. Сонымен қатар кең сөйлеуге, ағылшын тілін және медицина саласын меңгеру үшін жол ашатын мемлекеттік маңызды шаруа. Бір сөзбен атап айтқанда, бұл ғажап дүние. Бұдан айырылып қалмау керек. Ортамызда ши шығармай, бәріміз біртұтас бірігіп шешілетін мәселе. Келешек ұрпақ үшін, саясатымыз үшін маңызы бар өзгеріс.
Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы:
- Кешегі жиында Елбасымыз айтқандай латын қарпіне көшуге байланысты халықтан 300 ден астам ұсыныс келіп түсті. Күрделі мәселе болғандықтан халықтың пікірін білу маңызды. Біраз нәрсе ескерілді, жұмыс жалғасып келеді.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттары өте дұрыс деп есептеймін. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды.
Сонымен қатар, Елбасымыз айтқандай қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейтіндігі және орыс тілінің бұрынғыдай қызмет атқара беретіні жайында пікірімен толықтай келісемін. Қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Мысалы, 8 ғасыр бойы қазақ халқы араб алфавитін жүргізді, одан кейін 10 жылдан астам латын алфавитін пайдаланды. Осы ретте, халқымыздың латын алфавитін еш қиындықсыз игеріп кетуіне күмән жоқ.
Айгүл Исмакова, профессор, филология ғылымдарының докторы:
- Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Елбасымен кездескен ғалымдар А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының дайындаған жобасын ұсынды. Бұдан бұрын ұсынған 25 әріптен тұратын 3 таңбалы әліпби қиындау болып келсе, кешегі ұсынған нұсқа ең қолайлы және көпшіліктің ойынан шығады. Ғалым ретінде бұл өзгерісті толығымен қолдаймын.
Дегенмен, тұтастай алғанда әліпби жобасында әлі де ойланатын, сарапқа салып, тәжірибеден өткізіп барып қолданысқа енгізетін тұстар бар.
Сонымен бірге, еш асығыстық танытпай қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет деп есептемін.