$ 498.34  519.72  4.85

Бауыржан Байбек: Алаш идеясы ешқашан өлмейді

Қазақ жеріндегі алғаш Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Алаш қозғалысына биыл тура 100 жыл. Осыдан 1 ғасыр бұрын қазақтан шыққан кіл мықтылар – ұлт зиялылары бас қосып, Алаш партиясын құрып, қазақтың автономиялы республикасы – «Алашорда» үкіметін жариялаған болатын. Бұл идеяның басында қазақтың бостандығы үшін жанын сарп еткен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді алыптар тұрды.

Тек арада жетпіс жылдай уақыт өткен соң ғана Алаш арыстарының арманы орындалды – Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл тәуелсіздік қазақ халқына осынау алыптардың құрметіне берілді десек артық айта қоймаспыз. Соғыссыз келген егемендігіміздің артында осы жүздеген зиялының, миллиондаған шәйіттің рухы тұр.

«Қазақ бар кезде Алаш идеясы ешқашан өлмейді». Бүгін Алматыда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеште қала әкімі осылай деді. Назарларыңызға Бауыржан Байбектің Алаш арыстары туралы айтқан пікірін ұсынып отырмыз:

Бауыржан БАЙБЕК, Алматы қаласының әкімі:

– Жалпы, биылғы жыл қазақ елі үшін есте қаларлықтай тарихи даталарға толы мерейлі жыл болып отыр. Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 21–26 шілдесі аралығында Орынбор қала­сында Жалпықазақ съезі шақырылып, сол кезең үшін ең өзекті деген мәселелер съезд делегаттарының талқысына ұсы­ныл­ды. Төрағасы – Халел Досмұха­медов, төраға серіктері – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібаров, хатшылары – Міржақып Дулатов, Ақылбек Сейітовтер болған бұл съезде «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының іргесі қаланып, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын ең өзекті мәселелер сөз болды. Артынша «Алаш» партиясының бағдарламасы 21 қарашада «Қазақ» газе­тінде жарияланды. Онда Ресей құра­мындағы Қазақ автономиясын құру жайлы айтылған еді.

Өкінішке қарай, Алаш арыстарының арман-мұраттары сол кезеңдегі тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Дегенмен, сол уақытта көтерілген ұлт-азаттық қозғалысы туралы идеялар қазақ халқының жүрегінде маздап, тек ХХ ғасырдың соңында, яғни 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құ­рылды. Біз «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Төрткүл дүниемен тере­земіз тең» десек, осы қастерлі ұғымдар Алаш идеяларынан нәр алған сол боздақтардың арманының орындалуы іспетті.

Алаш зиялылары халықтың көкіре­гіне ғасырлар бойы шер болып қатқан азаттық туралы аңсарды, ел болу жайлы ұлы мәселені күн тәртібіне қойды. Сұлтанмахмұтша айтсақ, олар «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» көзсіз батырлар, заманынан озып туған биік өре иелері еді.

«Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген қазақ ұлтшылдығының рухани көсемі Әлихан Бөкейханов және замандас­тары бөлінуге, жікшілдікке барынша қарсы болып, бә­рін де ұлттық жаңару жолына үгіттеу­мен болды. Олар өтпелі кезең жағдай­ында болатын дәстүр­шілдік пен жаңа­шылдық таласында жаңаруды жақтады. Тірліктің өз билігіңді өз қолыңда бекем ұстай алғанда ғана өнетінін терең сезінген олар: «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деп мәлімдеді.

«Алаш» партиясын құрған бабалары­мыз Тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен такти­касын жасауға ұйытқы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих тол­қынында» атты кітабында: «XVІІІ—XІX ғасыр­ларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әр түрлі жолда­рын қарастырды. Сол кезде қазақтарда өз мемле­кетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашор­даның көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптас­қан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады», – деп өзінің тарихи бағасын берген еді.

Халықты өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін қастерлеуге, Отанды сүюге, қорғауға және қамқор болуға насихат­таған ата-бабаларымыздың арман-мұраты бүгінгі «Мәңгілік Ел» идея­сымен үндесіп жатса, олардың есімдерін ұлықтау «Рухани жаңғыру­дың» жарқын көрінісі.

Халқымыздың аса көрнекті тұлғаларын, ерен еңбектерін жан-жақты терең зерттеп, жас ұрпақтың рухани қазынасына айнал­дыру – баршамыздың азаматтық парызы­мыз. Биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінде Алаш зиялыларының есімдерін ұлықтауға, еңбектерін ел жадында жаң­ғыртуға байланысты көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Бүгін осы игі дәстүр Алматыда жалғасын тауып отыр. Қазан айында «Алаш Орда» үкіметінің 100 жыл­дығына орай Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ел-шежіре» қоғамдық қоры «Айбыным – Алаш!» атты шығармашылық кеш ұйым­дастырса, таңертең ғана Ғылым Ордасында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты республикалық ғылыми-тәжіри­белік конференция өтті. Алматы қаласының ең негізгі көшелері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатов, Халел Досмұхамедов сынды Алаш арыстарының есімдерімен аталады.

«Алаштың» көшбасшысы Әлихан Бөкейха­новтың қазақ халқының келешегі турасында: «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік», – депті ұлы бабамыз осыдан бір ғасыр бұрын.

Қорыта айтқанда, Алаш қайраткер­лерінің кейінгіге, бүгінгі бізге қалдырған тарихи сабақтарын былайша жүйелеуге болар еді.

Біріншіден, сол кезеңде екі ғасырдан аса уақыт бұратана халық саналып, бөгде елдің боданы болып келген Қазақ даласында тұңғыш рет зайырлы түрде саяси теңдік жайлы айтылып, ел азаттығы туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Ұлттық мемлекет құрудың сол кезеңге лайықталған концепциясы жасалды. Әлемнің озық елдерінен үлгі алып, сол жетістіктерді ұлт мұратына жұмсаудың тиімді жолдары зерделенді.

Екіншіден, Алаш көсемдері дамудың бірден-бір кепілі – оқу-білімде екенін айқын сезініп, сол бағытта талмай еңбек­тенді. Әрқайсысы түрлі салалар бойынша қазақша оқулықтар жазып, сол кітаптар күні бүгінге дейін ұлтқа қызмет етіп келеді. Осылайша олар оқу-ағарту мәселесін ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып, уақыт үдесінен шығуға үндеді.

Үшіншіден, ең бастысы, Алаш қай­раткерлері келешек ұрпаққа ел үшін жан алысып, жан берісер жанкешті күрес­керліктің үлгісін көр­сетті, осы жолдан таймай ұлт үшін мерт болды.

«Мен сенемін жастарға,

Алаш атын аспанға,

Шығарар олар бір таңда.

Мен жастарға сенемін!», —

дейтін ұранға бер­гісіз сөздерді айтып қана қой­май, сондай көзсіз батырлықты өздерінің істері­мен де дәлелдеді.

Ардақты ағайын! Ұлттың тағдырына, оның көшбасшылары мен жалпы халыққа әр дәуірдің жүктер міндеті мен талабы әрқилы болып келеті­нін біз бүгін айқын сезініп жүрміз. Алаш арыс­та­рының асқақ армандарының жүзеге асқанын, Қазақстан­ның тәуелсіз ел болғанын көру бақыты мына отырған Сіздер мен біздің маңдайы­мызға жазылыпты. Замана көшін айқын сезініп, тарихи мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдала­нуға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы сол Алаш қайраткер­лерінің көксеген армандарының іске асуының көрінісі, олардың өшкенінің жанғаны.

Ендеше, қадірлі қауым, Алаш рухы, Алаш идеясы ешқашан да өлмейді, «Мәң­гілік Ел» болуға бет алған Қазақстан халқы­мен бірге Алаш қайраткерлерінің есімдері де мәңгі жасай береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары