Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген басым бағыттар бойынша республика аумағында көптеген шаралардың өтіп жатқаны белгілі. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы аясында аудан-ауылдарда игі істер атқарылып жатыр. Солардың бірі Жамбыл облысы Шу ауданының орталығында өтті.
Жалпы, «Туған жер» бағдарламасының қатып қалған шекарасы жоқ. Бастысы әр адам өзі туған ауыл-аймақты, аудан-қаланың игілігні үшін қайырымды іс атқаруы тиіс. Ол мейлі, материалдық болсын, мейлі рухани болсын, бастысы сол аймаққа пайдасы тисе болғаны.
Ал, Шу ауданында туып өсіп, осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагер Халил Бейсеевтің еңбегін бұл ауданның жасы мен қарты түгел біледі. 1986 жылдары Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Халил Бейсеев өзі туып-өскен ауданға келіп, өз жерлестерімен кездесті, өнегелі әңгімесін айтып, рухани мұраларымен бөлісті.
Халил Бейсеев ақсақал облыс орталығынан 2014 жылы тұрғызылған «Ардагерлер үйінің» салынуына бастамашы болған азамат. Туған жерге аяғы тиісімен ол Төле би бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Бұл сапарында ардагер өзі ұйтқы болған алеяны аралады. Осыдан кейін ардагерлер аудан әкімімен кездесіп, жасалынып жатқан жобалармен танысты.
Әрине, «Туған жерге туыңды тік!» деген ұлағатты сөз, шын мәнінде әрбір азаматтың бойына ерекше құлшыныс оятары анық.
«Туған жер» демекші, күні кеше Жамбыл облысында «Туған жерге туыңды тік!» деген атаумен қайырымдылық шаралардың айлығы өтіп, қорытындыланды.
Акцияның нәтижесі ретінде «Жаңғырған ауыл» бағдарламасы аясында демеушілік көрсету бойынша шешім қабылдаған кәсіпкерлік субъектілері мен аудан, округ әкімдерінің арасында үш жақты меморандумдарға қол қою рәсімдері өтті. Жалпы, осы шара аясында жобалық құны 500 млн. теңге құрайтын 8 меморандумға қол қойылды.
Акцияның соңғы күнінде Тараздағы «Достық үйінде» орналасқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды үйлестіретін, замануи жабдықталған жобалық офистің таныстырылымы өткізіліп, өңір басшысына Тараз қаласы мен аудандардың 2017 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы баяндалды. Екі бөлім және бес тақырыптық бағытта өткен кеңесте жергілікті өзін-өзі басқару заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, қаржы экономикалық саясат, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және еңбек қатынастары, инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.