Мемлнекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың 6 басым бағыты көрсетілгені белгілі. Солардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Әрбір азамат өз туған жерінің, ауылының өркендеуіне, өсуіне үлес қосуды мақсат ететін осынау жоба бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде жүзеге асуда.
Мәселен, күні бүгін Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы тірек мектебінде «Мектепке тағзым» атты іс-шара өтті. Мектеп түлектерінің басқосуы осы «Рухани жаңғыру» идеясы аясында жүзеге асып отыр. Яғни, мектепті бұған дейін бітіріп кеткен азаматтар ауылға келіп, жастармен кездесті және өздері оқыған мектепке материалдық көмек көрсетті.
Бұл мектептің түлектері бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Бірі – қаржыгер, екіншісі – қарапайым ұстаз, үшіншісі – кәсіпкер. Олар қолдарынан келгенше ауыл мектебіне жәрдемдерін беруіндей беріп-ақ келеді. Солардың бірі бүгін мектепке ақпараттық тақтайша орнатты. Мақсат – оқушыларға тәрбие мен білім беруді жеңілдету және жетілдіру.
Мектеп басшыларының айтуынша, материалдық көмектен бұрын оқушыларға қазір рухани құнды әңгімелерін айтатын аға буын қажет. Сол үшін осындай акция өткізілуде.
«Туған жер бағдарламасының шеңберінде «Мектепке тағзым» акциясын өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат – осы мектепті 1979 жылдан бері бітіріп шыққан түлектердің табысты өмірін оқушыларға үлгі етіп көрсету», - дейді Т. Рысқұлов тірек мектебі директорының орынбасары Алмагүл Қасымбаева.
Мұнан кейін барлық түлектер мектеп ұжымымен кездесті. Онда аталған білім ордасының ұстаздары Т. Рысқұлов тірек мектебінің өткені мен бүгінгі жөнінде айтып, соңғы жылдары жеткен жетістіктерімен бөлісті. Осында білім алып, бүгінде еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп жатқан азаматтар да оқушыларға сәттілік тіледі.
«Қазақта сөз барғой, жақсылық көрген жеріңе еңбектесең де жет деген. Біз осы мектептен білім алып, үлкен өмірге жолдама алғанбыз. Қазір әр қайсымыз әр түрлі маман иесі болып еңбек етіп жүрміз. Бүгінгі басқосуға сол үшін де жиналып отырмыз. Мектепті қазір жақсы оқысаңдар, болашақта жеке бас үшін емес, ел үшін еңбек ететін азамат болып өсесіңдер», - деді осы мектептің түлегі Баян Махамбетова.
Мектеп түлектерінің өмір жолын балаларға үлге ретінде көрсетіп, оларды білім мен еңбекқорлыққа баулу алдағы уақытта да жалғаса береді.