«Дінмұхамед Қонаев – дәуіріміздің ұлы тұлғасы». Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде осындай атаумен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен алқалы жиында тарихшы ғалымдар баяндама оқып, ел басқарған азаматтың ұлт мүддесі жолында еткен еңбегі мен өмір жолына тоқталды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Осындай өмірі көпке үлгі арда азаматтың өнегесін ұрпаққа жеткізу - басты мақсат дейді, конференция ұйымдастырушылары.
«Ол – халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, халқының құрметіне бөленген, бүкіл ғұмырын халықтың бақытына, халықтың игілігіне арнаған ұлы тұлға. Ол – сан қырлы, ғасырда бір туатын тұлға. Сондықтан, конференцияда Қонаевтың қырларын тереңірек ашып көрсетуді мақсат етіп отырмыз», - дейді халықаралық Д.Қонаев қоры Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов.
Конференцияның басты жаңалығы – мұнда тау тұлғаның қайраткерлігі, адамдық қасиеті ғана баяндалған жоқ, ол билік еткен тұста Жамбыл өңірініңқалай дамығаны туралы жинақ кітаптың тұсауы кесілді.
«Мұндай конференциялар жастарға Қазақстандық жаңа патриотизмді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жастар өздерін жетілдіруге, Димаш атамыздың ел басқарушылық қасиеттерін бойына сіңіріп, өздерін дамытуға үлкен септігін тигізеді деген ойдамын», - дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайн Құрбан.
Іс-шараға қатысқандардың дені жоғары оқу орындарының студенттері. Олар конференциядан түйгеніміз мол дейді. Алқалы жиын әрмен қарай секциялық жұмыстармен жалғасын табады. Ал, конференция материалдары жинақ кітапқа басып шығарылады деп жоспарланған.
Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев 1912 жылы дүниеге келіп, 1993 жылы қайтыс болды. Ол — аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. Д.Қонаев 1960 жылдан бастап 1986 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.