$ 498.55  524.28  4.75

Оңтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» жобасы іске қосылды

Ел экономикасының қозғаушы күші шағын және орта бизнеске айналуы тиіс. Мұны Мемлекет басшысы өзінің барлық жолдаулары мен стратегиялық бағдарламаларында айтып келеді. Содан да болар, үкімет қазір кәсіп етемін деушілерге барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Бизнесті жаңа бастап жатқан азаматтарға тегін ақыл-кеңес беріледі, құжаттарын тегін рәсімдеп, жеңілдікпен несие алуға, гранттар алуға жағдай жасалады. Шынын айту керек, мұндай мүмкіндіктер әлемнің ешбір елінде кездесе қоймайды.

Ал, биыл сәуір айында Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан кейін елімізде жас кәсіпкерлерге басымдық беріле бастады. Оқуын кеше бітіріп, кәсібін шағын бизнестен бастаған қазақстандық жастарға үкімет түрлі қолдаулар көрсетуге дайын. Тек жастардың ынтасы болса жеткілікті. Мәселен, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» атты жобаның таныстырылымы өтті.

Жаңа жоба жастарды кәсіпке баулу және оларға қолайлы жағдай жасауды мақсат еткен. Жобаны «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы  мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы бірлесе қолға алып отыр. Бүгін аталған мекеме өкілдері журналистермен кездесіп, жобаның мән-жайын түсіндіріп берді.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастарға аса басымдық берілген. Бұл орайда мемлекеттік ұйымдардың жастарға деген қолдауы өте маңызды. Соны ескере отырып біз «Жас кәсіпкер» жобасын іске асырғалы отырмыз. Аталған жобаның мақсаты - жастардың бизнес бастамаларын қолдап, жұмыссыздықты азайту» - деді «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Әбілдинов.

Айта кетерлігі, «Жас кәсіпкер» жобасы байқау аясында жүзеге асырылады. Бұл конкурс 2017 жылдың желтоқсан айында өткізілмек. Оған 50 жоба іріктелініп алынатын болады.

«Жобалар «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылады. Болашақ жас кәсіпкерлерге 7 пайызбен 2 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Қаржыландыру мерзімі 60 айға дейін созылады деп жоспарлап отырмыз», - деді «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Данияр Арынғазин.

Байқауға облыстағы кез-келген бизнес жобасы бар 18 бен 29 жас аралығында азаматтар қатыса алады. Конкурсқа аймақтың дамуына пайдасы бар бизнес ұсыныстар қабылданбақ. Өтінімдер «Ырыс» микроқаржы ұйымында сарапталып, Оңтүстік Қазақстан әкімдігі, "Нұр Отан" партиясы және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралған комиссияның қарауына тапсырылады.

Жобалардың жүзеге асырылуы барысында мониторинг жасалынып, жас кәсіпкерлерге компания тарапынан барынша көмек және қолдау көрсетілетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары