$ 498.34  519.72  4.85

Ортақ валюта болмайды!

Соңғы кездері екінің бірінің басын ауыртып, жүйкесін жұқарта бастаған ЕАЭО-ның аумағында болып қалады-ау деген ОРТАҚ ВАЛЮТА мәселесіне бүгін үп-үлкен нүкте қойылған сияқты болды. Үп-үлкен нүктені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мырза қойды.

Р.Ошақбаевтың айтуына қарағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер аумағына ортақ валюта енгізу жөніндегі мәселе осынау одақтың бастапқы келісім-шарттарында қарастырылмаған көрінеді. Сондай-ақ, жақын және ұзақ мерзімді болашақ барысында да ортақ валютаға көшу қазақ елінің экономикалық потенциалына кері әсерін тигізетін болады. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ саяси одақ емес, ол – таза экономикалық одақ деп ашық мәлімдеген болатын,–деді Р.Ошақбаев мырза ақпарат құралдарының өкілдеріне берген мәлімдемесінде, – сондықтан да менің бұл мәселе турасындағы нақты көзқарасым – одаққа мүше елдер аумағына ортақ валюта енгізу жөніндегі бастаманың дәл қазіргі кезде де, сонымен бірге алыс-жақын болашақта да ешқандай маңыздылығы жоқ. Осыған орай менің тағы бір атап тұрып айтарым – бүгінгі күні кейбір қаржы және саяси салалар сарапшылары халықтың құлағына құйып жатқанға ұқсайды – «дәл қазіргі кезде ортақ валюта енгізе қоюға біздің ешқайсымыз да дайын емеспіз, әйтсе де біз өзіміздің әр салалар бойынша, дәлірек айтқанда, макроэкономикалық, ақша-несие және монетарлы салалар бойынша   жүргізілетін саясатымызды үйлестіріп болғаннан кейін ортақ валюта туралы әңгіме қозғауға болады» деп. Бірақ мен мұндай сарапшылардың ой-пікірлерімен мүлде келіспеймін және бір мәселеге толықтай сенімдімін, ол – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қазір де, алыс-жақын болашақта да ортақ валюта деген мүлде болмайды!..»

Ойпырмай, ә! Міне, пәлен-түген деп жорамал жасап, ортақ валюта мәселесін «күн тәртібінен» түсірмей қойған саясат пен қаржы-экономика саласының «білгіштеріне» қайтарылған қысқа да нұсқа бір ғана жауап. Елбасының өзі «бұл саяси одақ емес, бұл – таза экономикалық одақ» деп кесіп айтып тастады да, жақында ғана Астанада болып өткен Қазақстан, Ресей және Белорусь елдері басшыларының үшжақты кездесуінде бұл мәселеге қайтып соққысы келмейтінін аңғартты емес пе?! Алайда алаңдаулы халық көңілінде ортақ валюта туралы әңгіме «көлеңкесі көлбеңдей» берген соң оған осылайша қысқа-нұсқа жауаптың қайтарылып тастағаны да дұрыс шығар, тәрізі! Осымен ортақ валюта жөніндегі ГӨЙ-ГӨЙ әңгіме тәмам. Солтүстік көршіміздің көңіліне келеді екен деп... ол туралы қайта-қайта «жырлай берудің» де қажеті жоқ, қысқасын айтқанда.

Марат МАДАЛИМОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары