$ 499.51  525.83  4.62

Алматылық оқушылар ұлағатты ұстаз, Еңбек ері Аягүл Миразовамен кездесті

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында бүгінде еліміздің барлық өңірінде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейтін осынау бағдарлама бірнеше басым бағыттан тұрады. Сол бағыттардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында Алматыдағы №163 мектепте рухани кеш өтті.

Рухани кеш деп отырғанымыз – Қазақстанның Еңбек ері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразовамен болған кездесу. Оқушылармен өткен басқосуда Аягүл Төреқызының өнегелі өмірі туралы баяндалып, оқушыларға педагогтың балалық шағынан бүгінгі күнге дейін сыр шертетін суреттері көрсетілді.

Ал, кеш қонағы болса жастық шағында мүлдем мұғалім емес, дәрігер болуды армандағанын айтып берді.

– Менің ата-анам өте балажан кісілер болды. Ұрпақ тәрбиесін алдыңғы орынға қоятын. Отбасындағы әрбір баланың өз орны болса, сол балапандарының келешегін болжап, мамандық таңдауда мән берген­дей. Менің арманым – дәрігер болу еді. Меди­цина оқу орнын таңдағаныммен, жолым түспеді. Бірақ әлі күнге ақ халат киген абзал жандарға құрметпен, қызыға қараймын. Дәрігер адам жанының араша­шысы болса, мұғалім адамзат атаулысының қолына қалам ұстатып, қара танытып келеді. Сондықтан менің таңдаған мұғалім мамандығының да адам атаулыға пайдасы ұшан-теңіз, берері мол дер едім. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұлық атақты, тұңғыш Қазақстанның Еңбек Ері ата­ғын дихан мен ұстазға беруі осыны дәлел­деп тұрғандай, – деді Аягүл Төреқызы.

Аягүл апайларының әрбір айтқан сөзін қалт жібермей тыңдап отырған оқушылар өздерінің ой-пікірлерін де бүгіп қалмай, орайы келген әңгіме үстінде сауалдарын да жолдап отырды.

– Мұғалім мәртебесі туралы көп айты­лып жүр. Бұл білімге, мұғалімге жағдай жасалмай отыр деген әңгіме емес. Қайта білімге деген қолдау артып келеді. Елбасы­мыз әр жылдардағы халыққа жолдаған Жолдауларында білімге басымдық беріп, басты назарда ұстап келеді. Еліміздің бұрыш-бұрышында балабақшалар, жаңа заманға лайықты мектептер, спорттық алаң­дар, балаларға арналған түрлі орта­лықтардың ашылуы жас ұрпаққа, еліміздің ертеңі болатын жастарға жасалып жатқан жақсылықтар. Осындай бақыттың бесігінде тербелген балалардың бар мақсаты – тәрбиелі ұрпақ болып, сапалы білім алу, – деген Аягүл Миразова өзінің көп жылдық тәжірибесінен мысалдар келтірді.

Кеш соңында мектеп басшысы Айымгүл Иманғалиева сөз кезегін алып, өзі үлгі тұтқан, ұстаздардың ұстазы Аягүл Миразоваға шынайы алғысын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары