$ 499.51  525.83  4.62

Ықылас атындағы музей жаңа жәдігерлермен толықты

Бүгін Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы жаңа жәдігерлермен толықты. Онда Махамбет, Біржан сал, Сүгір, Есбай, Қазаңғап, Жамбыл, Абай сынды ұлы тұлғалардың домбыралары қойылған.

Соңғы екі жылда мұражайға 100-ге жуық мемориалды экспонаттар алыныпты. Оның ішіндегі ең құндысы Ақан серінің домбырасы екен. Ол жәдігер жазушы Сәкен Жүнісовтің қолында сақталған. Ал, бүгін Келденбай Өлмесеков пен Санақ Әбеуовтың домбыралары Ықылас мұражайына салтанатты түрде табыс етілді. Шара барысында қос дәстүрлі әншінің репертуарындағы әндер мен термелер, жырлар орындалды. Кеш, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

«Бұл кісілер сол Шығыс өңіріндегі үлкен мына Шәкәрімен, Абайдан қалған мұраны бізге жеткізушілер. Сол ән дәстүрін, ән өнерін өздері орындап, орындап қана қоймай іздеріне өздерінің шәкірт тәрбиелеп үлкен сол мектепті әрі қарай жалғасуына өздерінің үлесін қосқан тұлғалар болып есептеледі», - деді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының жетекшісі Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.

Айта кетейік, Алматыдағы халық музыка аспаптарының мұражайы 1980 жылы ашылды. Тарих ескерткіштері мен өнер туындыларын жинап сақтаумен айналысатын осыған ұқсас мекемелер сияқты, мұражай Алматы қаласының бетке ұстар, мәдени көз тартарлық жерлерінің бірі. Мұражай ғимараты да Қазақстан тарихы мен сәулетінің ескерткіші болып табылады. Әйгілі сәулетші шебер А.П.Зенков 1908 жылы салған ХХ ғасырдың басындағы Верный қаласының қоғамдық құрылысының ағаш өнерінің үлгісі.

2012 жылы Мәдениет жылының аясында Мұражайда кең көлемді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні ғимараттың сыртқы келбеті ғана емес, экспозияциялардың орналасуы, жұмыс тұжырымдасы толығымен өзгертілген. Мұражай жаңғырту жұмыстарынан кейін 2013 жылғы 15 мамырда ашылды. Бүгін «Мәңгілік құндылықтардың жаңа экспозициясы» Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған көне қазақ, ТМД және әлем халықтарының музыкалық аспаптарынан бірегей жиынтығынан (аспаптардың 60-типіне бөлінетін 1000-нан астам сақтау бірлігі) тұрады.

Сонымен бірге жиынтыққа әйгілі қазақ суырып салма ақындары мен композиторларының аспаптары да кіреді. 

Жетіген, адырна, сазген, дудыға, тоқылдақ сияқты сирек кездесетін аспаптар халық аңыздары мен жазба көздері арқылы жүргізілген ғылыми ізденістер нәтижесінде табылып, халық шеберлерінің этнографиялық суреттемелері бойынша жаңадан қалпына келтірілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары