Алматыдағы Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде танымал суретші Амандос Ақанаевтың жары өнертанушы Лаура Оразбекованы еске алуға арналған «Ақанаевтар әулеті» көрмесі ашылды. Іс-шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып отыр.
Көрмеде Ақанаеватар әулетінің 13 мүшесінің қылқаламынан туған туындылар мен Лаура Оразбекованың қаламынан туған үш суреті қойылған. Экспозицияда кескіндеме, графика, фотожұмыстар мен Л.С. Оразбекованың 70-тен астам шығармалары бар.
«Мен өзімді бұл әулеттің басшысы сезінбеймін. Біздің әулеттің басы ол - менің анам. Анамның аты - Бибіхан. Ол кісі қолөнер шебері, ісмер адам еді. Ол кілем тоқып, тігін тігумен қатар ер шабатын еді. «Ол 1930 жылдардағы аштықтан ер тоқым жасап аман қалдық қой» деп еске алып отыратын. Ол кезде ертоқым деген ең құнды дүние болған. Бір ер тоқым үшін бір қап жүгері беретін болған. Анамның әкесі, атасы да шебер, ұста адамдар болған. Мен тек сол өнерді жалғастырушы ғанамын. Бұл көрмені біз Астанаға дайындағанбыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен келісімшартқа да отырып қойғанбыз. Алайда, Лаура Оразбекованың қайтыс болуына байланысты көрмені кейінге шегеріп, Алматыда өткізу туралы шешім қабылдадық», - деді суретшілер әулетінің үлкені Амандос Ақанаев.
«Лаура Оразбекова (1949-2017) Қазақстандағы AICA Ұлттық секциясының президенті болады. Бұл 1996 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған көркемсурет сыншыларының халықаралық қауымдастығы. Л.Оразбекова еліміздің мәдени мұраларын сақтау мәселелері толғандыратын дара тұлға, терең білімді қайраткер болды. Ол Қазақстандағы өнер мәселелерін кәсіби түрде қамтитын ірі «Shahar-Культура» журналының кураторы болды. Шота Уәлиханов журнал туралы былай деп жазды: «Қазақстандағы шығармашыл зиялы қауымды бір санынан келесі санына дейін үмітпен күттіретін осындай үлкен басылым болған емес». Әрине, бұл Лаура Оразбекованың үлкен еңбегінің жемісі екені даусыз», - деді өнертанушы, ғалым Күлжазира Мұқажанова.
Амандос Әтибекұлы Ақанаев 1948 жылы 19 қарашада Алматы облысы Мичурин атындағы кентте туған. Ол Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің кескіндеме факультетін бітірген (1968), суретші. ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі (2006 жылдан).«Дәстүрлік емес» стильдің және ол бірінші рет станок шығармаларға ендірген рельефтік кескіндеме технологиясының негізін қалаушы.