$ 494.87  520.65  4.91

Электр мен газ желісі – басты назарда

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевтың төрағалығымен қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары мен өндірістік компанияларының қатысуымен келелі жиын өтті. Онда облысты газдандыру мен электрлендіруді жаңғыртуды көздеген «Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ компаниялары 5 жылға арналған инвестициялық жобаларын таныстырды.

Өндіріс нысандарына, мұнай өндіруші компанияларына, әлеуметтік мекемелеріне және Ақтаудан басқа облыстың қала-аудандарына электр энергиясын жеткізетін «Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» 57 электр подстанциясын күрделі жөндеуден өткізіп, 1 жаңа электр подстанциясын салуды жоспарлағанын айтты.

− Компания «МАЭК-Казатомпромның» электр желісін таратуды жүзеге асыратын табиғи монополия субьектісі. «МЭБК» АҚ-ның бас тұтынушылары – аймақтың мұнай-газ саласындағы өндіріс ошақтары. Себебі, электр желісін тарату қызметінің 82 пайыз үлесін «ММГ», «Қаражанбасмұнай», «Қарақұдықмұнай» АҚ  сынды белді компаниялары тұтынады. Ал тарифке келер болсақ, компания халықтың қамын көздеп, тарифтің құнын 2010 жылдан бері көтермей келеді. Бұл баға шамамен 2017 жылға дейін тұрмақ. Қазіргі таңда электр желілерінің 77 пайызы, подстанция жабдықтарының 67 пайызы алмастыруды қажет етеді. Бұл аталған техникалардың басым бөлігі 30-дан астам жыл пайдаланылған»,-деді «МЭБК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ж.Сағымбеков.         

Оның сөзіне сенсек, бірнеше жыл пайдаланылып, ескірген электр жабдықтары Alstom, Siemens, АВВ, Таврида-Электрик тәрізді маңдайалды әлемнің өндіріс компанияларының технологияларымен алмастырылады. Жасақталған инвестициялық бағдарлама арқасында «Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның өндірістік қуаты еселеніп, жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашылып, шығындар қысқартылмақ. «МЭБК» АҚ жобаға 27,2 млрд. теңге қаражат бөлуды жоспарлаған.

Аймақты газбен қамтып отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «ҚазМұнайГаз» АҚ және облыстық әкімшілікпен бірлесіп, меморандумға қол қойған. Бұл әріптестік 2015-2020 жылы облыстың газ тарату желісін жаңартуға арналған инвестициялық бағдарламаның құрылуына түрткі болды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқарушы директоры Ержан Жексембинов инвестициялық жобаның 6 облыста жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. «Маңғыстау аймағының газ тарату желілерін жаңарту мақсатында жоба бюджетіне 24 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Және қаржыландыру көзі – 100 пайыз қарыздық қаражат. Халықтың тұрмысын түзетіп, қолайлы жағдай туғызу үшін тозған газ құбырларын ауыстырып, жүйелерді оңтайландырып, жаңа технологияларды енгізуді көздедік. Сондай-ақ аймақ мүддесіне талай жыл қызмет еткен құбырлардың ішінде 30-дан астам, тіпті, 40 жылдай қолданылған газ құбырлары да кездеседі. Бүгінде газ құбырлардың 40 пайызы тозған. Жоспар бойынша жоғарғы, орта және төменгі қысымды газ құбырын төсеу, автоматтандырылған газ тарату станциясын орнату жұмыстарын қолға алмақпыз,-деді ол.

Бағдарламалармен егжей-тегжейлі танысқан қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары электр жарығы, жылу, көгілдір отын, тариф жайында сауалдарын жолдап, орамды ойларын ортаға салды. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев инвестициялық жобалардың әлі де қарастырылатынын айтып, жиынды қорытындылады.

Ханым ҚУАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары