31.05.2015, 18:00

Бейбітшілікті ту еткен қос ел

28-мамыр – Әзірбайжан Республикасының күніне орай, Ақтаудағы «Ренессанс» қонақ үйінде мерекелік кеш сән-салтанатымен атап өтілді.

Мейрамға облыс пен қала әкімшілігі, облыстық этно-мәдени бірлестіктері, қаланың құрметті ақсақалдары, атпал азаматтары қатысты. Қос елді көп ғасырлардан бері жалғап келе жатқан достықты ту еткен Ақтау қаласындағы Әзірбайжан Республикасының бас консулы Рашад Маммадов жиналған қауымды Әзірбайжан мемлекетінің тарихымен таныстырып, Қазақстанмен татулықтың арқасында саяси-дипломатиялық қарым-қатынас жолға қойылып, мемлекетаралық байланыс негізінде санқырлы келісімдер, инвестициялық жобалар құрылғанын атап өтті. «Әзірбайжан елінің Президенті мен Қазақ халқының Көшбасшысы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты табысты дамытып, өзара әріптестікті жаңа белеске көтеруде» деген Р.Маммадов келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

Ақтау әзірбайжандарын бас мерекесімен құттықтау үшін арнайы келген облыс әкімі Алик Айдарбаев ақ тілегін арнап:

- Біз бүгін Қазақстанның Кавказ өңіріндегі саяси және экономикалық сенімді әріптесі Әзірбайжан елінің мемлекеттік мерекесі – Республика күнін атау қарсаңында жиналып отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттер арасындағы байланыстың аса жоғары деңгейінде екенін атап өтіп: «Біздің арамызда шешімін таппай отырған мәселелер жоқ. Екі елдің тарихи және мәдени тамыры ортақ. Біз түркі әлеміне жататын елдерміз. Тіліміз де, салт-дәстүріміз да жақын» деген болатын. Осыған орай бауырлас елдеріміздің бірі - Әзірбайжан халқын осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Орта Азиядағы ең жедел дамып келе жатқан және достығымыз жарасқан басты стратегиялық көршіміз - Әзірбайжан халқына үлкен жетістіктер тілеймін! Алдағы уақытта да ынтымақтастығымыз бен сенімді достық дәстүріміз жалғаса берсін, мереке құтты болсын!, - деді ол.

Облыс басшысы сондай-ақ Әзірбайжан елі қарыштап дамып, өркениетті мемлекетке айналғанын және Қазақстан елімен өндіріс, экономика, мәдениет салалары бойынша байланыс орнатып, толағай табыстарға қол жеткізгенін айтты. Ақжарма тілегін жеткізген соң облыс әкімі бас консулға қос елдің достық символы – Каспий теңізі бейнеленген картинаны сыйға тартты. Өз кезегінде ӘР бас консулы облыс әкімшілігінің көрсеткен қолдауына ризашылығын білдіріп, облыс әкімінен бастап, бірқатар аймақтың басқарма басшыларына алғыс хат тапсырды.

Мерекелік кештің тағы бір тартуы – сыйлы қонақтар болды. Оның ішінде Швециядан арнайы ат сабылтып келген әлемге әйгілі Альфред Нобельдің ұрпағы Филипп Нобель, Ақтау қаласының құрметті азаматы, орден иегері Джамиль Ядуллаоглы Габибов және Әзірбайжан-Қазақстан қоғамының төрағасы, профессор Эльдар Гюнайдын.

Әзірбайжан мен Қазақстанның «қара алтын» өндірісімен есімі тікелей байланысты әйгілі Альфред Нобельдің ұрпағы мерекемен құттықтаған соң Маңғыстау өлкесінің өркендеу жолында аянбай еңбектеніп жатқан облыс әкімі Алик Серікұлына ӘР Бас консулдығы мен Қазақстандағы Әзірбайжанның инвестициялар және бизнес қауымдастығының бастамасымен әзірленген «Нобельдер мұрасы қорының» медалін қошемет үстінде табыстады.

Ақтау қаласындағы ӘР Бас консулдығы жыл сайынғы жұмыстарды қорытындылап, белсенділерді марапаттауды дәстүрге айналдырған. Әзірбайжанның қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысқандардың қатарына «Маңғыстау-медиа» ЖШС, облыстық «Огни Мангистау» газетінің бас редакторы Наталья Бутырина да ілінді. Сөз реті келгенде атап өтсек, «Маңғыстау-медиа» ЖШС-нің қарамағындағы мерзімді басылымдар әрдайым бейбітшіліктің алтын діңгегі – Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған жұмыстарын жариялап, сенімді қолдау көрсетіп келеді. Бұл марапат – сол істердің жемісі.

Бас консулдығының есігі ашылғаннан бері екі елдің арасындағы достығы нығайып, талай үлкен жобаларға дем берген. Кеште сол жобалардың кезекті қарлығашының таныстырылымы өтті.  

-2011 жылы тұңғыш жобамызды жүзеге асырдық. Бұл кітаптың атауы – «Екі ұлт, бір тағдыр». Тарихи деректерге, архив құжаттарға сүйеніп жазылған кітапқа Қазақстан мен Әзірбайжанның 200-ден астам атақты азаматтарымен сұхбаты енгізілді, - деп таныстырды жобаны ӘР Бас консулы Р.Маммадов.- Ал бүгінгі жобамыз – «Мәңгілік өмір жолы» атты кітап. Бұл жобамызды есімдері елге танымал әзірбайжандықтарға арнауды жөн көрдік. Маңғыстау жерінде өмір сүрген біртуар тұлғалардың қолтаңбалары, атқарған абыройлы қызметтері, қала дамуына қосқан үлестері кітапта қамтылатын болады. Алғашқы кейіпкеріміз – Ақтау қаласының құрметті азаматы, ондаған ордень және медальдармен, грамоталармен марапатталған, ардақты ақсақал -  Джамиль Габибов. Бұл атпал азаматты жазу үшін облыстың қаламы жүйріктерінің ішінен ең қарымдысын таңдап, жобаны қолына тапсырдық. Нәтижесінде кітап авторы болып ҚР Журналистер одағының мүшесі, 25 кітаптың авторы – Наталья Задерецкая белгіленді,-деген ол жобаның көздегені – қоғамда толеранттылықты дамыту және әзірбайжан халқы жайында, оның Қазақстандағы алар орны туралы жеткізу екенін атап өтті.

Сондай-ақ мерекелік кештің тағы бір шарасы - Әзірбайжан-Қазақстан қоғамының төрағасы, профессор Эльдар Гюнайдынның 60 жылдық мерейтойы атап өтілді. Оған құрметін көрсеткен Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин құттықтау лебізін білдіріп, жүрекжарды тілектерін ақтарып, сыйлықтар мен марапаттауларды табыстады. Сол күні марапаттаулардан құрметті қонақтардың ешқайсысы құралақан қалған жоқ. Құшақ-құшақ гүлдер, естелік сыйлықтар, марапаттар барша қонақтың қолынан табылды.