ОПЕК елдері биыл да тәуілігіне 30 миллион баррель өндіру көлемін сақтап қалды. Бұл туралы Араб Әмірлігінің мұнай жөніндегі министрі мәлім етті. Дегенмен алдағы жылдары мұнай құнының күрт құлдырауы күтілуде деп хабарлады Алматы.тв
Бұл жаңалықтан соң, қара алтын құны көтерілгені сол еді, мұнай бағасы қайта құлдырады. Отандық сарапшылар алдағы уақытта елімізде қара маржан өндіру көлемі екі есеге артатындығын алға тартуда.
Биыл ОПЕК елдері мұнай өндіру мөлшерін қысқартпайды. Нақтырақ айтсақ, мұнайды экспорттаушы мемлекеттер тәулігіне жер қойнауынан 30 миллион баррель қара алтын шығара алады. Осы мәліметтен соң, қара маржан құны күрт көтерілген еді. Әйтсе де, көп ұзамай өнім құны қайта құлдилай бастады.
Бүгінде «Брент» маркалы мұнай $62 құраса, WTI пайдалы қазбаның құны шамамен 1 пайызға төмендеп, баррелі $58-ге теңесті.
Экономист Уәлихан Төлешов: «алдағы жылдары қара маржан құнының күрт құлдырауы күтіп тұр»,- дейді. Оған жанармайдың қажетсіздігі түрткі болмақ. Өйткені әлемге әйгілі темір тұлпар құрастыратын зауыттар көлікті бензинмен емес, электр қуатымен жүретіндей етіп шығаруда.
«Жақын арада мұнай бағасы түспесе, көтерілмейді. Енді қара алтын құны барреліне $100 болмайды. Бұл туралы ОПЕК ұйымының бас хатышысы да мәлімдеген еді. Осы айда ең көп мұнай өндірген Ресей мемлекеті. Бұл өзгерісте баға нарығын тағы да әлсірететіні сөзсіз»,- деді экономист Уәлихан Төлешов.
Елімізде мұнай өндіру көлемі көбеймесе, қысқармайды. Қазірдің өзінде Каспий маңы ойпатындағы көмірсутек ресурстарын игеру бойынша «Еуразия» жобасын жүзеге асыру басталды. Теңіз кен орнындағы жаңа нысандар 2021 жылы пайдалануға беріліп, мұнай өндіру жылына 38 млн тоннаға дейін жетпек.
Сондай-ақ Қарашығанақ жобасын іске қосу 2022 жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қашағанда мұнай өндіру 2016 жылдың аяғына қарай жанданатындығы белгілі болды. Ал, өнімнің артуы баға нарығына теріс әсерін тигізбейді, дейді құрметті мұнайшы Нәдір Нәдіров.
«Мұнай бағасы қазіргі құнынан әлдеқайда көтеріледі. Өйткені жыл сайын мұнаймен қоса, мұнай өнімдеріне де сұраныс жоғары. 2016 жылы қара алтын құны өткен жыл басындағыдай көрсеткішті қайталайды деп ойлаймын. Яғни, мұнай барреліне $100-ден бағалануы керек»,- деді Ұлттық инженерлiк академия вице-президентi Нәдір Нәдіров.
Қара маржан құнының құбылуына тікелей Иранның қатысы бар. Аталған елдің ядролық бағдарламасы бойынша ортақ мәміле жасалса, сансыз санкциялардың кейбірі күшін жояды. Ізінше, әлемдік нарыққа Ресми Тегеран қара алтын жеткізілім мөлшерін арттыра түседі. Онсыз да қара маржанды көп өндіретін Иран өзге «әріптестерімен» иық жанастырса, оның соңы WTI және Brent-тің арзандауына әкеліп соғады.