$ 449.58  486.94  4.86

Аграрлық кооперацияның шетелдік тәжірибесі

Осыдан аттай он бес жыл бұрын түтіні түзу ұшқан ұжымдардың жекешелендіріліп, сайда – саны, құмда – ізі жоқ ұсақ қожалықтарға бөлшектенгені, техника мен құрал-сайманнан жұрдай «фермерлердің» ауаны қармап қалғаны есімізде. Бұл кезеңді өшу мен өсу белестері аралығындағы «өліара шақ» деп атауға болатын шығар. Енді міне, әлемдік дағдарыстың дәрістері аграрлық саясатқа ден қоюды талап етіп отыр. Ауылдың жыртығын бүтіндеп, жағасын тіктеуге кірісті Үкімет.

Бүгінгі аграрлық ұстанымның тірегі – кооперация, яғни әлеуметтің күші мен қаржысын бір арнаға бағыттау. Әлемдегі кооператив қызметі ауыл шаруашылығы, тұтыну, банк, несие, сақтандыру, өндіріс, балық аулау, тұрғын үй, медицина, көлік салаларын және басқаларды қамтиды. Кооперативтер өзара көмек, бірлескен жауапкершілік, теңдік пен әділеттілік, ынтымақтастық сияқты құндылықтарға негізделген, әрі қандай да болмасын шаруашылық қызмет көмегімен өз мүшелерінің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуды мақсат тұтады. Экономика ғылымының деректері аграрлық саланың дамуы тиімді мемлекеттік саясатқа ғана емес, сондай-ақ тауар өндірушілердің кәсіпкерлік белсенділігіне де тәуелді екендігін көрсетіп отыр. Шет елдердің көбісі ауыл шаруашылығындағы тығырықтан аграрлық кооперацияның арқасында шыға алған еді. Атап айтқанда, қаржы ағымдарын оңтайландырып, шығындарды азайту үшін фермерлер кооперативтерге біріккен болатын, ал мемлекет өз кезегінде түрлі қаржылық тетіктер көмегімен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуын ынталандырып, қолдау көрсеткен-тін. Бұл саясат фермерлерге ғана емес, мемлекетке де пайдалы болып шықты. Қазіргі заманғы нарықтық тетік ретінде кооперативтер фермерлердің кәсіпкерлік белсенділігі мен қаржылық жауапкершілігін арттырып, экономикалық дамуға дем беруімен ерекшеленеді. Фермерлік кооперацияның бүгінгі құрылымы өнімді қайта өңдеу және өткізу, өндірістік жабдықтау, техникалық қызмет көрсету, несие беру салаларын қамтиды. Солтүстік Еуропа, Нидерланды, Ирландия, Жапония елдерінде фермерлердің жүз пайызға дерлігі кооперативтерге біріккен. Құрлықтағы Еуропа елдерінің көбісінде кооперативтер барлық шаруа қожалықтарының 80 пайызға жуығының басын қосады. АҚШ-та, Канадада және Австралияда фермерлік қожалықтардың 60-80 пайыздайы кооператив мүшелері болып табылады. Әлемнің барлық елдерінде аграрлық салада кооперативтік қозғалысты қолдаудың мемлекеттік саясаты жүргізіліп жатқандығын атап өту керек. Бұл саясаттың негізгі бағыттары салық салу жеңілдігі немесе салықтардан толық босату, субсидиялар және жеңілдетілген мемлекеттік несиелер беру болып табылады. Қоймалар салу, сондай-ақ нарықта сұранысқа ие өнімдерді қайта өңдеу жөніндегі кәсіпорындар құрылысын қаржыландыру маңызды саналады. Бұл мақсатқа мемлекет қаржысы ғана емес, сонымен қатар Еуропа қауымдастығының интеграциялық қорларының субсидиялары да

жұмсалады. Субсидиялардың барлығы, ауыл шаруашылығы мен ұсақ өндірістерді қолдау қаржысы, аймақтық даму және ұлттық бағдарламалар жобалары ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы жүзеге асырылады. Кооперативтік қозғалысты мемлекеттік қолдаудың маңызды элементі – салық салу жүйесі болып табылады. Мәселен, Германияда экологиялық таза технологияларды және энергияның балама көздерін пайдаланатын кооперативтер бірнеше жылға салық төлеуден босатылады. Сұранысқа ие өнім шығарып, қызметтерді игеретін кооперативтер үшін белгілі бір кезеңге салық мөлшерлемесі төмендетіледі. Инвестиция салушыларды ынталандыру үшін кооперативтерге таза пайданың өзіне тиесілі бөлігінен ғана салық төлеу рұқсат етіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары