Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы алдағы бағытымызға ерекше серпін бергені айқын. Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсетілген бастамалары халықтың көңілінен шыққаны сөзсіз. Қазақстан дамуының жаңа белесіне жол салған Жолдау ертеңгі күніміздің, баянды болашағымыздың кепілі болары сөзсіз. Сонымен қатар Елбасының бас-тамасымен қолға алынған маңызды іс-шаралар экономикамызды нығайтып, ел әлеуетін де арттыра түсетіні анық.
Осы орайда айта кететін бір мәселе, биыл елімізде бірқатар мерекелер аталып өтуде. Ол – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Егемендік туралы Декларацияның 25 жылдығы, Қазақстан Рес-публикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Бұл мерекелердің қоғам өміріндегі алар орны ерекше. Өйткені мемлекетіміздің негізі, бүгінгі жеткен жетістігі аталған күндермен тығыз байланысты. Осы жерде атап өткен жөн болар, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» біздің ғасырлардан жалғасып келе жатқан тарихымыздың бар екенін күллі дүүниежүзіне әйгілейтін мереке болмақ. Бұл орайда Егемендік туралы Декларация және Конституцияға арналған мерекелер де біз үшін қастерлі. Егемендік туралы Декларация тәуелсіздік алуымызға негіз болса, Конституциямыз ұлттық саясаттың басымдығын бекітті, қоғамда танылған құндылықтарды айқындады. 9-мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесі адамдардың ұлтына, дініне, тілі мен мәдениетіне қарамастан ортақ қуаныш күні. Бұл қастерлі мейрамның құндылығы – ғасырлар бойы жаңа жас буын ұрпаққа өсиет боларлық Ұлы күн! Ал Қазақстан халқы Ассамблеясына келетін болсақ, ол 1995 жылғы 1-наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Олай болса, ел болып, қоғам болып осынау мерекелерімізді лайықты дәрежеде атап өтуіміз керек деп ойлаймын.