21.06.2015, 18:00

Ел экономикасының қос қанаты

Қой жылы қазаққа жәйлі жыл болатындығы жыл басталмай тұрып-ақ белгілі бола бастағандығы анық. Халқымыз ғасырлар бойына алып Еуразиялық аймақта түтін түтетіп, ғұмыр кешіп келе жатқандықтан, бұл өңірдегі табиғаттың құбылысты жағдайлары мен шаруашылығына қолайлы кезеңдерін ұдайы басты назарда ұстап, соған орай жіті қадамдар жасап, тіршілік отын қыздырумен болғандығы тарихи өткенімізден-ақ мәлім жәйт емес пе?! Оның үстіне, биылғы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен елімізде Қазақ Хандығы, Қазақ мемлекеттігі – Қазақ тарихының 550 жылдығы ел көлемінде салтанатпен аталынып өтілетіндігі де тарихи өткеніміздегі өмір үрдістерімен үндес келіп отырғандығын қайтерсің?!

Қой жылының өзі тарихи өмір үрдісін қой шаруашылығымен байланыстыратын халықтардың тұрмыс-салт, әдет-ғұрпымен байланыстырылғандығын тек қана жақсылыққа жоруға болар еді. Еуразия аймағындағы өзге халықтар мен өзге елдерді айтпағанда, бір ғана өзінің арғы бастауларын сонау көне Ғұн, Сақ, Көктүріктер дәуірінен алатын еліміздің өмірінде қой жылы арқылы жоритын жақсылықтары аз емес. Халқымызды «қойдай жуас халық» деп арғы дәуірлердегі би, шешен, сөзуар, дана бабаларымыздың өздері-ақ айтудай айтып кеткен. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген халықтық сөз тіркестері де – біздің өткен дәуірлердегі өмір үрдістерімізден қалған жұрғат. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген ұғымның қазақ үшін мән-мағынасы тіптен ерекше. Бұндай замандар біздің өткен дәуірлерімізде кезең-кезеңімен жиі болып тұрғандығы бұрынғы өткен ақын, жырауларымыздың жыр шумақтары мен аңыз, ертегілерімізде жиі тілге тиек етіледі. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» ел-жұрт қуаңшылықсыз, жұтсыз, табиғаттың басқалай бір тосын құбылыстарына тап болмай, аман-есен отырғандығына ғана емес, елдің тірлігі мен бірлігіне де тікелей қатысты айтылатындығы тарихи өткенімізден мәлім.

Бұндай заман деп халқымыз, халқымыздың бетке шығарлары ел билеген әміршілеріміз, елдің құты болған батырлары мен билері, ел сөзін айтатын даналары дәурен құрған кездерді жиі атап айтатын болған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» көне Ғұн, Сақ, Көктүріктер заманында жиі кездескен. Сондай замандағы өз өмірін, шаруашылығын, тұрмыс-тіршілігін қой шаруашылығымен тікелей байланыстырған халқымыздың елдігі, бірлігі, өмірі, ғұмыры, кейінгі ұрпағы мен өмір үрдістері де нақты, әрі мығым болған. Халқымыз бұрынғы өткен дәуірлерден бүгінге дейін жеткен рухани мұраларымыздың аздығы мен жұтаңдау болғандығына қарамастан, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» – келешекке өткел-көпір, өнеге болған кезеңдердің төлбасын Көктүріктер дәуіріндегі елдің бас көтерері, халқына біршама жақын, қамқор, жанашыр, қалқан болған өзге қаһандарымызды айтпағанда, өзіне дейінгі ғасырлар бойғы тарихи өткенімізді әрі-бері саралай келіп, әрі соның бәрін алдағы ұлы болашақпен байланыстыра отырып, туған халқының көкейінде «Мәңгілік ел» идеясының алауын маздатып кеткен Тоныкөк бабамыздың дәуірімен жиі байланыстыратындығы да көңіл аудартпай қоймайды. Даңқты қаһан-бабамыздың пәрменімен Ұлы даламыздағы мәңгілік сын тасқа қашап жаздыртылып кеткен өмір жыры, аманат-өсиет сөздерінің өзі бүгінгі біз үнемі рухани мұра, тарихи жәдігер, жыр-дастан, сара сөздің асылы деп жүргенмен, оның поэтикалық пайымы мен түпкі терең астарларында Көктүріктер империясы қоластындағы туыстас халықтардың, соның ішінде, атажұртта бабалар өсиетін қайта тірілтіп, бұрынғы өткен өмір үрдісінің шырағын маздатып, алып елге айналдырып отырған Қазақ елі, қазақ халқының да «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманының» жиі қайталанып, алдағы ұлы армандармен өзінің әрі қарайғы заңды жалғасын тауып отыратындығына деген зор сенім, үлкен үміттер қылаң беріп жатқан жоқ па?!

Сол көне түркі дәуіріндегі дана бабаларымыздың мифологиялық ойлаулары мен талдауларының дұрыстығын, соның нәтижесіндегі өміршеңдік үрдістердің кезең-кезеңімен қайталанып, бүгінгі тәуелсіздік дәуіріне дейін сарылып жеткендігін қазіргі кезде өзіміз де көріп, ел игілігіне барынша пайдаланып отырғандығымызды қайтерсің?! Тарихшы-ғалымдарымыздың айтар сөздері өз алдына, ал, тек бірыңғай мифологиялық ойлау мен талдаулар тұрғысында алып қарайтын болсақ, көне дәуірдегі Тоныкөк бабамыздың «Мәңгілік ел» идеясы, пәлсафалық ой-толғамдарының ғасырлардан ғасырларға дейін жаңғырығып отырған ғажап үні, таңғажайып сарынын өз дәуірінде Алтын Орда империясы құрамында Жошы хан бастап, өз алдына Ақ Орда болып, дәурен сүрген бабаларымыз, Ақ Орданың туын жықпай, заманалар ауыс-түйістерінің тұсында өз атажұртымыздың төрінде Қазақ хандығының туырлығын биіктетіп, тұтастай халқымыздың уығы берік қара шаңырағына айналдыра білген Керей мен Жәнібек хандар, олардан кейінгі елдік, мемлекеттік мәртебемізді биіктетіп, елдің өрісін барынша кеңейтіп, халқымыздың өсіп-өне беруіне кеңінен жол ашып кеткен Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандар мен заманалардан заманалар өтіп, ел басына қауіп-қатер, сын сағаттар төнген тұстарда, халқымызды айрандай ұйытып, тұйықтан шығар жолды бірге іздеген, сол жолда барынша қайрат танытып, алып асулардан бірге өткен Абылай хан, Әбілқайыр хан, Кенесары хан, Қазақ елін ұлы хандар билеген кезеңдердегі ел қорғаны болып, елдік туымызды әрдайым жоғары ұстап, халқымыздың еңсесі биік болуына өздерінің бар өмірлерін арнап өткен Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Қарасай, Сырым, Жанқожа, Исатай, Махамбет батырлар да естімеді, білмеді, бабалар арманының ұлғайып, өмірлік шындыққа айналуына өз қолдан келген үлестерін қоспады дей алар ма едік?! Демек, осы тұрғыдан келгенде, қазақ ұғымындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» жердің көктігі, қарынның тоқтығы мен киімнің көктігі деген ұғымды ғана емес, елдік, мемлекеттік тұрғыдағы халықтың арман-тілегінің іске асып жатуының жосындарын да анық аңғартпай ма? Басқасын былай қойғанда, бір ғана сол өткен тарихымыздағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандарды» кезең-кезеңімен есімізге салып, алдағы ұлы болашаққа қарай нық қадамдар жасап отырғандығымыздың кезеңдік бір асуы болғалы отырған қой жылына деген ризашылығымыз бен алғысымыз аз болмасын дейік.

Халқымыздың «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген пайымында да талай сырлардың бұғып жатқандығын қалай жасырарсың?! Қой жылының қазақ үшін символдық мәні ерекше деп отырғандығымыз тағы тегін емес. Қой жылының қысы осы қаңтардың алғашқы онкүндіктеріндегідей жұмсақ болып, малымыз аман, төрт түлігіміз төлді болып шықса, нағыз қазіргі елдегі экономикалық дамуымыздың кезеңдік бір белесіне айналып үлгермес деймісіз?! Қазақ халқы бұрынғыдай жаппай қой бағып, күні-түні тек бірыңғай төрт түлікті өсірудің қамымен ғана жүріп-тұрып жатпағанмен, қазіргі аймақтарымыздағы жергілікті тұрғындарымыздың елдің стратегиялық бағыттарына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы алымды істерінің де берері көп. Осыдан біршама жылдар бұрын басталған бұл бағыт еліміздің ішкі дамуы мен ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарып отырғандығы басты назарда келе жатқан мәселе екендігі тағы рас. Шағын және орта кәсіпкерлік көп елдердің экономикасын бірден өрге бастырып, алып қадамдарына дем бітірген ең негізгі тұтқа болғандығын экономист-ғалымдардың өздері де жоққа шығара алмайды. Мысалға, іргеміздегі алып Қытай елінің соңғы бірнеше ондаған жылдар бойына экономикада ылғи алға қарышты қадамдар жасап келе жатқандығының себебін талдап-түсіндіргендер біздің елімізде қай кезде де аз болған жоқ. Бірақ, солардың қай-қайсысында да Қытай елінің қай кезде де шағын кәсіпкерліктің жолын бөгемей, қайта халқының жергілікті шаруашылықтары мен қолөнер өндірісіндегі алымдылығына үлкен мән беріп отырғандығы үнемі алға тартылатын. Қазірдің өзінде-ақ Аспанасты елінің экономикалық дамудағы құлашын кеңге сермеп, өз аймағындағы елдермен кең тұрғыда қарым-қатынас жасап, экономикалық үрдісті байланыстарына мол мүмкіндіктер жасап отырған жағдай бұл елдің шағын кәсіпкерліктегі табыстары деуге негіз бар. Олай дейтін себебіміз, бұл елдің соңғы бірнеше жылдар бойына Тынық мұхиты аймағы ғана емес, Орта Азия елдерімен тығыз экономикалық байланысқа шығып, байырғы Ұлы Жібек Жолының бағдары бойынша, Еуропа елдеріне дейін өз өндірістік тауарларын экспортқа шығаруға үміт артып отырғандығы да сол көптен бергі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктерінің арқасы емес дей аламыз ба? Елбасымыз Н.Назарбаевтың өз бағыттарында елдегі шағын және орта кәсіпкерлікке ылғи және кезең-кезеңімен үлкен басымдықтар беріп, қолайы келген тұстардың бәрінде осы саланың адамдарына өзіндік бір қолдау, көмектерін жасаумен келе жатқандығын ел-жұртымыз енді ғана түсініп келе жатыр деуге хақылымыз. Былтыр ғана іске қосылған 1200 шақырымдық «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол магистралдарының елдің стратегиялық бағыттарымен бірге, ішкі өміріміздегі мән-мағынасы орасан зор болып отырғандығы аз уақыттың ішінде-ақ айқын мысалдармен дәлелдене бастады. Біріншіден, осы жолдар арқылы ел ішіндегі қатынасқа қолайлы жағдайлар туындаса, екіншіден, ол шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысына екінші тыныс әкелгендей болып отыр. Осы жолдар арқылы еліміздің экспорттық тауарлары бар-жоғы бір тәуліктің ішінде-ақ Түркменстан, Иран иеліктері арқылы, бірден сонау жер түбіндегі аймақ секілді болып көрінетін Парсы шығанағына дейін жеткізіліп үлгеріледі екен. Бұл дегеніміз біздің еліміздің экономикасы үшін бұл аймақтағы бұрын-соңды болмаған прогресс деуге болар еді. Осыған орай, тағы бір айтарымыз, ендігі кезекте елдің Батыс аймағындағы шалғай өңірлердегі шағын және орта кәсіпкерлік орталықтарына Маңғыстау түбегіндегі темір жолдың күретамыры арқылы Парсы шығанағы аймағына өз тауарларын экспорттауға мол мүмкіндіктер жасайтын кез келген сияқты.

Кешегі кеңестік дәуірде мұнайлы өңір мен елдің Батысындағы шекаралық аймақтарды темір жол арқыры тікелей байланыстыратын жоспарлардың (Мақат – Жаңақала – Александров Гай) елге жария етіліп тұрып, қашан КСРО ыдырағанша іске аспай қалғандығы елге мәлім. Мәселен, қазіргі кездің өзінде де Маңғыстау арқылы Парсы шығанағына шығатын темір жол тармақтарының бір бұтағы Мақатқа (Атырау облысы) дейін келеді де, әрі қарай шорт кесіледі. Тұтастай Батыс Қазақстан облысының әлі күнге дейін Атырау, не Маңғыстаумен темір жол арқылы тікелей қатынас жасайтын мүмкіндігі жоқ. Ал, бұл өңірдің отын энергетикасы қатты дамытылып жатқан, әрі алдағы табысы қазіргісінен де зор Атырау мен Маңғыстау өңіріне берері көп. Егер, алда-жалда Мақаттан Ақжайық, Жаңақала арқылы Ресей елімен шектесіп жатқан Бөкей Ордаға дейін темір жол магистралі тартылатын болса, бұл өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік үрдісі бұрынғысынан бірнеше есеге дейін ұлғайып, байырғы Ұлы Жібек Жолы арқылы Парсы шығанағына дейін жалғасып жатқан экономикалық қатынастарымызды тағы бір тың мүмкіндіктерімен байытып, толықтыра түспей ме?! Сонда дәл кешегі Жезқазған, Арқалық, Шұбаркөл, Бейнеу сынды, әйгілі «Үш қияндағы» (Мұрат Мөңкеұлы) бұл аймақта да тағы талай шағын ауылдар пайда болып, жергілікті тұрғындардың ел экономикасына елеулі үлес қосуларына өте-мөте қолайлы жағдайлар туар еді. Екіншіден, бұл жол арқылы іргеміздегі Ресеймен де экономикалық қатынастағы жаңа бір мүмкіндіктерімізге кеңірек жол ашылатындығын есепке алмауға тағы болмайды.

Қысқасы, қой жылының көңілге көрікті ойлар қоздатар сәттері әлі аз емес. Қой жылы Қазақ елі үшін нағыз экономикадағы өрлеу, өрістеу, алымды да шалымды қадамдар жасап, игілікті нәтижелерге жетудегі бір белесті кезең болатындығы қазірден-ақ белгілі болып отыр. Осы тұста халқымыздың «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген даналық сөзін тағы бір мәрте еске алғанды да жөн көрдік. Кім білген, бәлкім, биылғы қойдай жуас болып келген қой жылы қазіргідей әлемдік ауқымдағы экономикалық дағдарыстардың кезінде Қазақ елінің экономикалық үрдістеріне қолдау жасап, қолтығына су бүрку үшін де келген шығар?! Қалай болғанда да, қой жылының қазақ халқы үшін бір тынысты кезең болатындығына еш күмән келтіруге болмайды. Бәлкім, дәл осы қой жылы Мәңгілік ел – Біздің ел жаңғырған Ұлы Жібек Жолы болып та, тұсауы кеше ғана Астанамызда кесілген Еуразиялық Экономикалық Одақ болып та қалықтап, қос қанатын қатар қаға бастайтын шығар?!