Бүгін Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XXVII сессиясы өтті. Онда жергілікті депутаттар 2018 жылғы бюджетті бекітті.
Бюджетті оңтайландыру жұмыстарын жүргізу және салық түсімінің артуы есебінен бюджетте қосымша 64,7 млрд. теңге қарастырылды.
«Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы» аясында жастарға қолдау көрсету мен «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы одан әрі жалғасады. Жас отбасылардың алғашқы жарнасыз 5%-дық несиемен тұрғын үй алуы үшін 2 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, 2859 баланы қамтитын жекеменшік балабақшаларда мектеп жасына дейін білім берудегі мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуға 850 млн. теңге бөлінді. Одан бөлек, бюджет аясында аз қамтылған отбасылардың 4 мыңнан астам балалары жазғы демалыс орталықтарына жіберіледі.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Жеңіс күні қарсаңында бір рет берілетін әлеуметтік көмектің көлемі 150 мыңнан 250 мыңға дейін, ал оларға теңестірілгендерге берілетін бір ретттік көмек көлемі 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейін көбейді.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға орталық тармақтан жеке үйлеріне дейін газ тарту (жеке үйдің иесі) бір нүктеге кететін шығынды бір реттік 100% өтеу қарастылырған.
Еңбекпен қамту өнімділігі бағдарламасы бойынша жыл аяғына дейін 3 мыңнан астам адам жұмысқа тартылатын болады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындау барысында биылғы жылы мектептер жедел интернетпен және компьютерлік техникамен 100% қамтылады. Қаланың барлық денсаулық сақтау мекемелеріне ақпарттық жүйе енгізіліп, есептеу формасы қағазсыз форматқа көшіріледі.
Алматы көлікті қауіпсіздендіру, ақпаратты енгізу және цифрландыру бойынша алдыңғы қатарда екені бұрыннан белгілі. Қазірдің өзінде қала аулалары мен демалыс орындарына 115 мыңнан астам видеобақылау камералары қондырылған. Бүгінгі таңда көлік қозғалысындағы айыппұл электронды форматта төленуде. Жыл аяғына дейін айыппұл төлеуді осы әдіске толық көшіру және қылмыстық істің 50 пайызын электронды форматта жүргізу қолға алынады.
«ОҢАЙ» электронды жолақы төлеу жүйесі бойынша 24 млрд. теңге көлеміндегі қаржыны қамтитын 460 млн. транзакция жасалды. «A-Parking» жобасы аясында қаланың көлік тұрағының 10 пайызы игеріліп, салық түсімі 6 есеге өсті. Алматыда биыл ақылды бағдаршамдарды орнату арқылы жол трафигін басқарудың бірегей орталығын қалыптастыру қолға алынады.
Оған қоса, көлік саласын реформалау аясында 2018 жылы қаланың автобус паркінің үштен бірі жаңарады. Мысалы, «Алматыэлектротранс» ЖШС-і 199 автобус алуға қаржы бөлген. 200 автобусты «Green Bus company» ЖШС-і жаңартады және жеке тасымалдаушылар 131 автобус алады. Жалпы, соңғы екі жыл ішінде қала бағыттары бойынша 500 жаңа автобус жолға шықты. Рейстердің жиілігі 90 пайызға дейін артып, арасындағы интервал 3 есеге қысқарды.
Абаттандыру және қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын көркейту аясында орталықтандыру қағидасы бойынша Медеу, Бостандық, Түрксіб және Жетісу аудандарының саябақтары ретке келтіріледі. «Yлкен және Кiшi Карасу» өзендерінің жағалаулары мен жер асты өтпелі жолдарды қайта жасау үшін қаржы бөлінді.
Егер өткен жылы 455 аула жөнделсе, 2018 жылы қаланың барлық аудандарында тағы да 585 аула жаңарады. Бұлардан өзге, «ТҮКШ модернизациялау» аясында 130 үй кешенді жөндеуден өткізіледі.
Жолдас Өрісбаев