$ 444.22  476.38  4.82

Қашағаннан 2017 жылдан бастап кіріс түсе бастайды

Қазақстан Үкіметі Қашағаннан 2017 жылдың қаңтарынан бастап кіріс алуға үміттенуде. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

 

«Сіздердің назарларыңызды мынаған аударғым келеді, біздің келісімге сәйкес консорциумның қазіргі уақытта құбырдағы ахуалды түзетуге кеткен шығыстары қайтарылмайды. Мемлекет құбыр ауыстырумен байланысты шығындарды өтемейді. Бұл сол компаниялардың өздеріне жүк болады. Бұған қоса, біздің уағдаластығымызға сәйкес, құбырларды ауыстыру 2016 жылдың соңында аяқталатындығын атап өткім келеді», -деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, Үкімет Қашағанның іске қосылуын Үкімет Қашағанның іске қосылуын 2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басына жоспарлап отыр. Сол кезден бастап бұл кен орнынан мұнай өндірудің нәтижесінде  елдің макроэкономикалық жағдайына және бюджетке кіріс түсе бастайды.

Айта кетейік, Қашаған - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Қашаған 75 км x 45 км аумақты алып жатыр. Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны болды. Кен орнының коллекторы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр.  

Соңғы зерттеу деректеріне сүйенсе кен орынның мұнай қоры 9–13 миллиард баррель мұнайды құрайды. Мұнай кен орны шетелдік компаниялардан құралған North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумы Өнімді бөлісу туралы келісім арқылы игерілуде. Консорциумға Eni (16,81 %), «ҚазМұнайГаз» (16,81 %), Total (16,81 %), Royal Dutch Shell (16,81 %), ExxonMobil (16,81 %), ConocoPhilips (8,4 %), INPEX ( 7,56 %) компаниялары кіреді.  

Кен орнына ХІХ ғасырдаМаңғыстау облысында дүниеге келген қазақтың әйгілі жырауы Қашаған Күржіманұлының есімі берілген.

Қашаған кен орны Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Ол Каспий аймағы мұнай кен провинциясына жатады. Қашаған - Солтүстік Каспийдегі Қаратон-Теңіз кен орнының жалғасы болып саналады. Ол негізгі үш массивке бөлінеді: Шығыс Қашаған, Батыс және Оңтүстік-Батыс Қашаған. Өндірілетін мұнай қоры 1,5-10,5 млрд тонна аралығында болса, ал жалпы геологиялық мұнай қоры - 38 млрд баррель құрайды (6 млрд т)

Шығыс Қашағанның қоры 1,1 - 8 млрд тонна, Батыс - 2,5 млрд тоннаға дейін ал Оңтүстік-Батыс Қашағанда - 150 млн тонна. Қашағанның геологиялық қоры қазақстандық мамандардың есебі бойынша шамамен 4,8 млрд тонна деп жоспарлануда. Сонымен қатар Қашағанда табиғи газдың да ірі қоры бар - 1 трлн м3 асады.

Қашаған кен орнынан бөлек консорциум қосымша он бір блокті игеруде. Олар Ақтоты, Қайран және Қаламкас. Мұнайды өндіру жасанды аралдар арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі күнге төрт жасанды арал құрастырылып, шамамен 37 ұңғыма бұрғыланған.

Мұнай мен газды кешенді дайындау мақсатында Атырау қаласынан 32 шақырым қашықтықта «Болашак» станциясы тұрғызылды. Аталған станция тәулігіне 300 мың баррель мұнай дайындай алады және кейін оны 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға болады.

Өндірістік операцияларды қолдау мақсатында Маңғыстау облысында Баутино базасы арқылы асырылады. Сонымен қатар мұнда мұнай төгілуге қарсы күрес орталығы да қызмет етеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары