Елордада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артты, деп хабарлады astana.gov.kz.
Кәсіпкерлік жаңа экономикалық саясаттың қозғалтқыш күшіне айналуы керек. Шағын және орта бизнестің дамуы елдің экономикалық көрсеткіштерінің өсуіне, жұмыссыз халық үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Астанада нарықта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2015 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1% өсіп, 95 406 құрады, оның ішінде 26 061 - заңды тұлға, 69 336 - жеке кәсіпкер және 9 шаруа қожалығы.
Еске сала кетейік, елордада 2015 жылдың басынан бері елордалық кәсіпорындар мен ұйымдар жаңадан 7 354 жұмыс орнын ашты, ал, Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының көмегімен 1 889 адам жұмысқа орналасқан.
Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, рынокта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындар ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Бұл туралы Президентіміз Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді. Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызды. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек. Әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қазақстанның қалалары мен елді мекендерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрінің жүрдек бағыттары байланыстырады» – дейді. Алдымен экономика, сосын саясат формуласын ұстанатын президентіміздің шағын және орта кәсіпкерлікке деген ынта-ықыласын бүкіл халық қолдауда.
Президентіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің одан әрі экономикалық және саяси дамуын айқындайтынын жақсы түсінеді және біледі. Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсан айындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да атап өтілгендей, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің жүйелі іс-қимылдары баяндала отырып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға айрықша көңіл бөлінген. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуының бірден-бір шешу жолы болып оларды қаржылық ресурстармен, яғни несиемен қамтамасыз ету болып табылса, оларды несиелейтін екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің жағдайына да тоқталып өтеді.
Мемлекет бүгінде кәсіпкерлік қызмет субьектілерінің нарық экономикасының толыққанды қатысушысы ретінде өз қызметтерін жүзеге асырылуына қажетті жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Міне, аз жылда республикамыз бойынша шағын және орта кәсіпорындармен жұмыс істеуді көздейтін жалпыұлттық институттар құрылып үлгерді. Сонымен қатар, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қоры» құрылып, табысты да талапты жұмыс жүргізуде. Кәсіпкерлікті қолдау үшін бір емес, бес бірдей бағдарлама жасалып, кәсіпкерлерімізге мемлекет тарапынан үлкен басымдықтар берілген. Кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және бизнестің билікпен арадағы іс-қимылдарының жаңа моделін құруға бағытталған «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруды көздейтін айтарлықтай салықтық жеңілдіктер заңдық деңгейде қарастырылды. Оның сыртында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және салық салуды жақсарту жөнінен үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шағын және орта бизнесті жеделдете дамыту шаралары жөнінде бағдарламалар әзірленіп, салық заңына түзетулер енгізілуде. Дәл осы процеспен кете берсек, аз жылда-ақ Қазақстан әлемдегі кәсіпкерлік жасауға ең қолайлы мемлекеттердің қатарынан табылады. Әрине, бұл жұмыстардың басында тек бір ғана адам тұр: ол – президентіміз Н.Назарбаев.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды одан әрі ынталандыру үшін мемлекетіміз алдағы уақытта да көптеген жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырмақшы. Жоспарланған түрде, шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ құрылымындағы үлесінің айтарлықтай артуына қол жеткізіп, сол арқылы мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығының берік іргетасы – орта тапты нығайту қажеттілігі күн санап артуда және бұл жолда президентіміз көптеген мәселелерді шешуде. Жалпы, алдағы уақытта Еуразиялық интеграцияда, сонымен қатар ДСҰ-да Қазақстан шағын және орта бизнес арқылы бәсекеге төтеп беріп, ел экономикасын шарықтата алуы тиіс. Бұл біздің президентіміздің, мемлекетіміздің негізгі мақсаты болып табылады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың пайдасы, мемлекетімізге алып келер үлесі орасан зор. Дәл осы кәсіпкерліктің түрлерін дамытпай еліміздің экономикасын жандандыру, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын көтеру мүмкін емес. Жұмыссыздықты жоюда, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеуде, рынокты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде, депрессияны бастан кешіріп отырған жекелеген аудандарды қалпына келтіруде осы шағын және орта бизнес шешуші фактор. Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы 6 наурызда қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жеделдету шаралары» деген қаулысынан басталды. Одан кейін «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңдар қабылданды. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау үшін, қаржылай және ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында Елбасы «Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың басымдықтары мен аймақтық бағдарламалары туралы» жарлық шығарды. Міне, жыл сайынғы жолдауында елбасымыз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынып келеді. Биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударылған.
Шын мәнінде, шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру солардың үлесінде. Бұл жағдай тек дамыған елдерге ғана қатысты емес, өтпелі экономикасы бар елдерге де қатысты. Бірнеше жыл бұрын президентіміз Н.Назарбаев: «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90%-дан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50%-дан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек» – деген болатын. Көріп отырғанымыздай, бүгінде президентіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жағдай туғызу үшін Еуразиялық экономикалық одақ жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, ДСҰ-ға кірудің алғышарттары да түзіліп қойылған. Алдағы уақытта еліміздің экономикасы дәл осы шағын және орта кәсіпкерлік арқылы аспанға шарықтайды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қазақстандағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) даму ахуалы мен проблемалары жайындағы кешенді зерттеудің қорытындыларын жариялайды. Осымен екінші рет жүргізілген зертеу 2010 жылдың қазан - желтоқсан айларында іске асырылған. Бірінші жобаны Даму Қоры 2009 жылы жүзеге асырып нәтижелерін жариялаған болатын.
Әдіснамалық және мағыналы сабақтастық арқасында, 2010 жылғы зерттеудің басты көрсеткіштері алдыңғы жүргізілген зерттеудің негізгі нәтижелерімен салыстыруға тұрарлық. Сонымен қатар 2010 ж. зерттеу жобасында мейлінше үлкен және әртүрлі әдіснамалық арсенал қолданылды. Онда сандық тұрғыдағы әдістермен қатар (ШОБ институционалдық және салалық құрылымын бейнелейтін жұмыс істеп жүрген 2000 кәсіпкерге таңдау жолымен сауалнама жүргізу, 2010 ж. Кәсіпкерліктің жедел курсына қатысқан әлеуетті және ісін жаңадан бастаған 1500 бизнесмен-тыңдаушылар арасында сауалнама, 2009 ж. Кәсіпкерліктің жедел курсы тыңдаушыларының «тренингтен кейінгі» кәсіпкерлік қызметтеріне таңдамалы түрде мониторингтік зерттеу жүргізу, Даму Қорының қаржылық бағдарламалары қатысушыларына сауалнама жүргізу) сапалық тұрғыдағы әдістер де (әртүрлі санаттағы қалалық және ауылдық кәсіпкерлерден құрылған фокус-топтар, бизнесін әртүрлі себептермен тоқтатуға мәжбүр болған бұрынғы кәсіпкерлерден құрылған фокус-топтар, жаңа жобаларды немесе бизнестің жаңа бағыттарын меңгерген кәсіпкерлермен көкейтесті сұхбаттасу) қолданылды. Шағын және орта бизнесті кешенді зерттеу тәжірибесінде бірінші рет кейс-стади қолданылды. Олар бизнес ашу және қолданыстағы бизнесті жаңғырту, өндіріс және сауда нысандарын салу, мақсатты кредиттерді игеру кезінде туындайтын проблемаларды, нақты дәлелдермен, егжей-тежейлі оқып-үйренуге мүмкіншілік берді.
Алынған нәтижелер, оларды 2009 ж. зерттеу көрсеткіштерімен салыстыру, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің айтарлықтай қарама-қайшы келбетін береді.
Дағдарыс кезінде кәсіпкерлік орта пессимизм мен торығушылық күйге бой алдырмаған. Сауалнама жүргізілген кәсіпкерлердің 70% астамы өз бизнесінің келешегі айқын десе, кәсіпкерлердің 40% астамы қызметтің жаңа түрлерін, өнімдер мен қызметтерді игергілері келетіндігін хабарлады. Респонденттердің 35% астамы өз бизнесінің бағалау құнын ұлғайтатыны жөнінде хабарлады. Кәсіпкерлердің жартысынан астамының салық аударымдарының көлемі ұлғайды. Бұл салық заңнамасын ырықтандыру аясында салық салу базасын көтерген үдеріске қарай орын алды. Респонденттердің дерлік 70% жуығының өнімдері мен көретілетін қызметтерінің бағасы өсті, 40 % астамының сату көлемі ұлғайды. 44% жуық респонденттің кәсіпорындарында қызметкерлердің жалақы қоры ұлғайса, жалданбалы жұмысшылар санын ұғайтқан кәсіпкерлердің тек 22%-да ғана жалақы өскен.
Дегенмен, жалпы алғанда, шағын және орта бизнесте түбегейлі өзгеріс бола қоймаған. ШОБ басым бөлігі өміршең болу үшін күресумен келеді. Сұрау салынған кәсіпкерлердің төрттен үш бөлігінің қаржы ресурстары бизнесін ұстап тұруға ғана жетеді. Кәсіпорындардың тек ширегіне жуығы, жеке кәсіпкерлердің 17% және шаруа қожалықтарының 13% ғана бизнесін айтарлықтай жетілдіруге және дамытуға қаражаты бар. Дағдарыс кезінде кәсіпкерлердің мүмкіндіктері барынша шектеулі болды, жоспарлары мен талап-ниеттеріне мейлінше абай болды. 2009 ж. зерттеумен салыстырғанда, 2010 ж. қаражатын жаңа жабдық сатып алуға, жаңа құрылысқа, қызметкерді оқыту мен біліктілігін арттыруға бағыттауды ниет еткен кәсіпкерлер үлесі 30-40% қысқарды.
2010ж. мемлекеттің кәсіпкерлік ортадағы бизнес климатты жақсарту жөніндегі саясаты 2009ж. салыстырғанда мейлінше оң бағаланып отыр. Мемлекет тарапынан болатын тексерулерді реттеу шаралары да көпшілік арасында құптау тапты. Бірінші рет, тек Даму Қорының жобалары бойынша жүргізілген зерттеу ғана емес, соңғы онжылдықтағы Қазақстанның ШОБ-нің барлық маңызды әлеуметтік зерттеулерін қоса алғанда да, жиі және негізсіз мемлекеттік тексерулер проблемасы бизнесті мазалайтын проблемалар рейтингісінің алдыңғы шебінен кетті деуге болады. Егер 2009ж. жүргізілген зерттеулер кезінде салық әкімшілдігі салық заңнамасына сай жақсы жағына қарай өзгермей отыр деген пікір басым болса, 2010ж. зерттеулер нәтижесінде сауалнама жүргізілгендердің 70% жуығы соңғы жылдары Қазақстандағы салық заңнамасы да, әрі салық әкімшілдігі де жақсарып келетін ін алға тартады. Респонденттердің 60% Қазақстандағы салық климаты бизнеске өзге ТМД елдеріне, әсіресе, Ресейге қарағанда, әлдеқайда қолайлы екендігін сеніммен айтады.
Қазіргі кезде бизнесті тіркеу кәсіпкерлер үшін қандай да бір ауыртпалық болудан қалды.
Өз қызметін мемлекет органдарының тексеруі салдарынан тоқтатқан кәсіпкерлер үлесі былтырғы жылғы зерттеулермен салыстырғанда 17%-дан 8%-ға дейін төмендеді.
Дегенмен де алдыңғы зерттеулер кезінде анықталған кәсіпкерлер мен жергілікті деңгейдегі шенеуніктер арасындағы келіспес қайшылықтар әлі де болса сақталып отыр. 2009ж зерттеудегі сияқты, 2010ж сауалнама кезінде де кәсіпкерлердің жартысынан астамы жергілікті биліктің оларды жаратпайтынын және қызғанышпен қарайтындарын сеніммен айтып отыр.
Сапалық тұрғыдағы зерттеу материалдары бизнеске қатысты сыбайлас жемқорлықтың әлдеқайда жасырын түрлері қалыптасқанын көрсетті. Тікелей бопсалаушылықтың орнына созбұйдаға салу, мәселелердің шешімін негізсіз созу арқылы пара беруге мәжбүрлеу жиі белең алуда. Жер қатынастарын ресімдеу, құрылыс нысандарын салуға рұқсат алу сияқты процедуралар кәсіпкерлер үшін, былтырғы жылғы зерттеулер қорытындысы сияқты, сыбайластық барынша етек алған әрекеттер болып көрінеді.
Зерттеу отандық шағын және орта бизнес Қазақстанның Кедендік Одаққа (әрі қарай -КО) кіруіне түбегейлі наразы деген кейбір саяси күштер мен бұқаралық ақпарат құралдары таңып келген пиғылды теріске шығарып отыр. Сауалнама жүргізілгендердің жартысына жуығы Қазақстанның КО кіруі отандық бизнестің мүддесіне сай келеді деп ойлайды. Сауалнама жүргізілгендердің 13% қарсы пікірде . Онымен қоса кәсіпкерлердің төрттен бір бөлігіне жуығы КО қазақстандық бизнеске не оң, я болмаса, теріс әсері болмайды деп отыр. Кәсіпкерлердің үштен екі бөлігі КО олардың жеке бизнесіне әсер ету мүмкіндігін көрмей отыр. Р еспондент тердің 13% Қазақстанның КО кіргенінен әлі күнге дейін бейхабар.
Қазақстанның КО кіруін кәсіпкерлер нарықтың ұлғаюымен ғана емес, сонымен қатар қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің артуымен де байланыстырып отыр . Алайда, соның өзінде, КО кіру кәсіпкерлік қызметтің ахуалын төмендетеді, салық пен баж алымының өсуіне алып келеді деген стереотип кең етек алған. Фокус-топтар ішінде Кедендік Одақтың қызмет ету механизмдерінің жетілмеген тұстарымен ұшырасқан кәсіпкерлер де болды.
Жалпы, қазақстан кәсіпкерлері КО-қа мейлінше оң көзқарас білдіргенімен, көзқарастары түбегейлі бір мағыналы емес және айтарлықтай қарама-қайшы. Алайда, қазақстан бизнесінің кең ортасында Кедендік Одаққа ашық қарсы тұру байқалады деуге негіз жоқ.
Қазақстан кәсіпкерлерінің көпшілігі өз бизнесінің ішкі ахуалына емес айналасына көбірек қарайлайтыны алдыңғы зерттеудің маңызды қорытындыларының бірі болатын, яғни өз ісінің жетістігін бизнесінің ішкі даму әлеуетімен емес көбінесе сыртқы ортамен байланыстырады. Өкінішке орай, осы психология шағын және орта кәсіпкерлік ортада әлі де үстем. Бизнесті жүргізудегі арнайы білім мен дағдының рөлі, қызметкерлерлердің біліктілігін арттыру мәселесі еш бағаланбайтын жағдай қалыптасқан. Кәсіпкерлердің 47% бизнесті жүргізудегі өз білімі мен дағдысын мейлінше жеткілікті деп бағаласа, төрттен бірі біршама жеткілікті деп бағалап отыр. Сонымен қатар сапалық тұрғыдағы зерттеулер кәсіпкерлер мен шенеуніктер арасындағы келіспеушілік жағдайлар бизнес өкілдерінің өз құқықтарын толық білмеуіне байланысты екенін көрсетіп отыр. Тек шағын бизнесте емес, орта бизнесте де маркетинг, қызметкерлерді басқару, бизнес-коммуникациялар саласында элементарлық білімсіздік байқалады. Еңбек нарығында сауалнама жүргізілген кәсіпкерлердің басым көпшілігі енжарлық көзқарас стратегиясын ұстанады.
Алайда, оқу тәжірибесімен шыңдалған кәсіпкерлер, көп ретте көзқарастарын да өзгертуде. Сапалы берілген білім кәсіпкерлердің алдағы қызметіне оң әсерін тигізе бастаған. Мысалы, Кәсіпкерліктің жедел курсының 2009ж. тыңдаушыларының 82 %, ал 2010ж. тыңдаушыларының 87% оған оң бағасын берді. 2009ж. оқып білім алғандардың үштен екісінің пікірі бойынша жедел курс жұмыс тиімділігінің артуына жақсы мүмкіндік туғызды. Оқып білім алғандардың 54%-ның ақшалай түсімі едәуір өсті, 52% -ы табысты болды, 55 %-да клиенттері қанағаттанушылық білдірді.
Даму Қорының бағдарламаларына қатысу кәсіпкерлік ортада орын алған кейбір жағымсыз стереотиптерді сейілтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаға қатысу бірден мемлекеттік тексерулердің көбеюіне алып келеді деген пікір ШОБ ортасында кең етек алған, алайда сауалнама жүргізілген Даму Қоры қарыз алушыларының 80% мұндай пікірдің қате екендігін растайды.
Зерттеу көрсеткендей, кәсіпкерлердің ой санасы мен іс – қимылына о баста бизнеске келуге итермелеген жайттың аса күшті әсері болады. Қазақстандағы ШОБ өкілдерінің 40%-ға жуығы мәжбүрлікпен кәсіпкерлікке келгендер, яғни бизнеске кәсіпкерлік қызметке бейімі болмағанына қарамай жағдай итермелеген соң келгендер. Мұндай кәсіпкерлердің, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру ниетімен, дербестікке ұмтыла отырып, өздерінің кәсіпкерлік қызметтегі қабілет-қарымына сенімді болған соң бизнеске келген әріптестеріне қарағанда жетістіктері де анағұрлым аз. Дегенмен, айрықша көрініс бергені, сауалнама жүргізілген барлық статустағы кәсіпкерлердің үштен екісі кәсіпкерлік қызметті лайықты ақы төленетін жалданбалы жұмысқа айырбастауға дайын екендіктерін мәлімдеуі болды. Бұл шағын және орта бизнес саласында әлі де болса тұрақсыздық пен қобалжу сезімі үстем екендігінен хабар береді.
Зерттеу өзгеше бір заңдылық ашты: бизнестің көлемі кіші болған сайын, оның ахуалы ауырлап, келешегі қиындай береді. Кәсіпкерлердің көңіл-күйі салалық қимада да әрқилы болып отыр. Ең жайсыз және торығушылық күй сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығында байқалады. Оған қарағанда өнеркәсіп, білім беру, медицина және әлеуметтік қызметтер саласындағы жаппай кәсіпкерлік санадағы көңіл-күй әлдеқайда позитивті.
ШОБ саласындағы кәсіпкерлердің басым бөлігі бизнес-қауымдастықтардың қызмет аясынан тыс қалып келеді. Өзінің бизнес-қауымдастықтарға тікелей немесе жанама қатыстары туралы сауалнама жүргізілгендердің небәрі 2% ғана хабарлаған. Солай бола тұрса да, өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін кәсіпкерлерде корпоративтік ынтымақтастыққа деген үлкен сұраныс бар.
Жалпы алғанда, зерттеу көрсеткендей, мемлекеттің елімізде кәсіпкерлік үшін қолайлы бизнес климат қалыптастыру, шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы шаралары оң нәтиже беруде және кәсіпкерлік ортада жақсы құпталып отыр. Енді басты назарды мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде іске асырылу принциптеріне аударған жөн.
Оңтайлы бизнес климат қалыптастырудың салық заңнамалары, мемлекеттік тексерістер мен рұқсатнамалық процедураларды оңтайландыру шеңберіндегі резервтері едәуір азайып қалды. Бұл күндері бизнестің бәсекеқабілеттілігінің ішкі мүмкіншіліктерін жұмылдыру барынша өзекті бола бастады. Ол үшін, мемлекеттің болысуы арқылы болсын, қажетті материалдық және интеллектуалдық құрылым жасақталуы қажет.