$ 498.34  519.72  4.85

Бәйдібектің тұла бойы тұнған тарих

Бәйдібек ауданында егістік жерді игеру жоспары 90 150 гектар болса, бүгінде оның 61 109 гектары игерілген.

Биыл ауданда 28 102 гектарға масақты дәнді дақыл егілді. Бұдан бөлек 14 400 га мақсары, 612,8 га жүгері, 147 га күнбағыс, 88 га мақта, 1762 га жоңышқа, 331,5 га картоп, 447 га көкөніс, 341 га бақша дақылдары егілді.

Сондай-ақ, егін шаруашылығын қолдау мақсатында 81 агроқұрылымға 1800 тонна тыңайтқыш бөлінген.

Өнеркәсіп саласы

Ауданда 3188 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның 1135-і — жеке кәсіпкер, 207-сі — заңды тұлға, 1846-сы — шаруа қожалығы.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше ірі жобалар қолға алынған. Бүгінде қажетті инфрақұрылымдарды жасақтау мақсатында индустриалды аймақ құру үшін Боралдай ауылдық округіндегі Жыланды елді мекенінен 21 гектар жер бөлініп, 343,9 млн. теңгеге инфрақұрылым жүргізілуде.

Өңірлік индустрияландыру картасына Бәйдібек ауданынан 5 жоба енген. Олар:

1. «doStarTas» (Достартас) ЖШС-нің травертин әрлеу тастарын өңдеу жобасы. Жалпы құны — 500 млн. теңге.

 

2. «Молочный Рай» ЖШС-нің 1200 басқа арналған тауарлы-сүт кешенін және сүт өнімдерін өндіретін зауыт салу жобасы. Инвестициялық құны – 3,259 млрд. теңге.

 

3. «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің жел электр стансасын салу жобасы. Жалпы құны — 12 млрд. теңге.

 

4. «Эс Би Капитал» ЖШС-нің жел электр стансасын салу жобасы. Шетелдік компанияға Жамбыл ауылдық округінен 1585 гектар жер телімі зерттеу және сынама жұмыстарын жүргізу үшін қысқа мерзімге жалға берілді.

«Самұрық Грин Энерги» ЖШС-нің жел электр стансасын салу жобасы. Компанияға Алғабас ауылдық округінен зерттеу және сынама жұмыстарын жүргізу үшін қысқа мерзімге 500 гектар жер телімі жалға берілді.

Индустриалды аймаққа бірқатар жобаларды топтастыру жұмыстары қолға алынуда. Бүгінде травертин тасын өңдеу бойынша «Каз Пром Кирпич» ЖШС-і, «Каз Травертин» ЖШС-і, «NB Parthers» ЖШС-і және құрылыс заттарын шығару бойынша «Сапа Шымкент Құрылыс» ЖШС-нің жер теліміне құжаттары әзірленген.

2010 жылдан бері ауданда араб инвесторы Шейх Халифаның құс өсіру кешенін салу жобасы іске асырылуда. Аталмыш жобаға бүгінге дейін 4,84 млрд. теңге инвестиция тартылса, алдағы 2015-2016 жылдары инвестиция көлемі 7 млрд. теңгеге жетіп, жаңадан 350-400 жұмыс орны ашылмақ.

Ауызсумен қамтамасыз ету

Аудандағы елді мекендердің 60 пайызға жуығына ауызсу құбырлары тартылған. Яғни 52 елді мекеннің 31-іне орталықтандырылған ауызсу құбырлары жүргізілген.

Ауызсумен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінде Шалдар елді мекеніндегі сапасы сын көтермейтін ауызсу құбырын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаты (құны 101258,5 мың теңге) әзірленіп, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасына өткізілді.

Шақпақ елді мекеніндегі ауызсу құрылымының жүйесі өз-өзін ақтамауына байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл мәселе бойынша өңірлік геологиялық жер қойнауларын пайдалану департаментіне жерасты су қорын анықтау жұмыстарын жүргізуге қосымша өтінім берілген.

Сарыбұлақ елді мекеніндегі 1975 жылы қазылған су ұңғымасындағы темір құбырдың тозығы жеткен. Ұңғыманы тазалау үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Ауызсу құбыры жүргізілмеген 17 елді мекенде жерасты суы қорының бекітілмеуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Қазіргі таңда өңірлік геологиялық жер қойнауларын пайдалану департаменті жерасты су қорын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Қорытынды 2015 жылдың ІV тоқсанына дейін толық анықталып, «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес 2016-2018 жылдар аралығында су құбырларының құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда.

Тау бөктерінде орналасқан Жарықбас, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Қаратас, Боралдай елді мекендерін тау өзендері арқылы ауызсумен қамтамасыз ету көзделген. Осы мақсатта магистральды су құбырларының құрылысын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінген.

Батырбек КӨШЕРБАЙ, Бәйдібек ауданының әкімі:

«Желден де ақша жасасақ деп отырмыз»

Бәйдібек ауданы өзінің тарихи орындарымен ерекшеленеді. Аудан жайлы сөз еткенде көз алдымызға алдымен Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенелері елестейтіні бар. Мұндағы тарихи орындар мен тау жағалай жайғасқан тас төбешіктер, жартастардағы суреттер мен петроглифтердің әрбірі көне заман құпиясын қойнауына жасырып жатқандай. Киелі ауданның бүгінгі жай-күйі, келешек іс-жоспарлары қандай? Оны аудан әкімі Батырбек КӨШЕРБАЙДАН сұрадық...

– Соңғы кездері Бәйдібек ауданына шетелдік инвесторлар қызығушылық танытуда. Олар қандай жобалар ұсынып отыр?

– Аудан облыстың басқа өңірлерінен табиғатының қаталдығымен ерекшеленеді. Бұл жақтың желі қатты. Біз осы ерекшелікті ел игілігіне пайдаланып, желден де ақша жасасақ деп отырмыз.

Мемлекет басшысы «Қазақстан — 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз» деген болатын. Халқы тығыз, өндірісі өркендеп тұрған Оңтүстік Қазақстан облысында электр энергиясына деген қажеттілік бар. Өзімізде өндірілетін энергия сұранысымызды қанағаттандыра алмайды. Энергияның жартысына жуығын солтүстік пен көршілес Жамбыл облысынан аламыз. Оның бағасы да қымбат.

Соңғы уақытта ауданда желден, күннен энергия өндіру бойынша инвесторлар келіп, меморандумға қол қойылды.

Жуырда ауданға «Империал Ренюбл Энерджи Қазақстан» ЖШС-нің директоры Н.Қожамұратов пен Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласындағы компаниясының атқарушы директоры Манож Дивакаран келіп кетті. Олармен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Олар ауданда күн сәулесі мен желдің есебінен электр энергиясын өндіруді қолға алмақ. Бұл компанияға күннен электр қуатын өндіру үшін Жамбыл ауыл округінің территориясынан 200 гектар жер телімі уақытша пайдалануға берілетін болып, екіжақты мақұлданды. Ал, дәл қазір олардың мәселелері толық шешілді деп айтуға болады.

Екінші инвестор жел қуатынан энергия өндіруді қолға алмақ. «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің жел электр стансасын салу жөніндегі жобасының құны – 12 миллиард теңге. Қазір олар зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Біз олардың станса салу, желі тартуына ыңғайлы жер мәселесін шешумен айналысып жатырмыз.

Үшінші инвестор Оңтүстік Кореядан келді. Джон Енг Сун ханым басқаратын «КК-кіu NSEN» серіктестігі желден және күннен қуат алатын электр стансаларын салуға ұсыныс жасады. Оларға Жамбыл ауылы атырабынан жер бөлініп, екіжақты меморандумға қол қойылды.

Осылайша ауданымызда жел және күн стансаларының негізі қаланбақ. Келешекте бұл Бәйдібек ауданының бренді болады деп сенеміз.

– Аудан ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығына қолайлы. Алайда, соңғы жылдары барлық ауданға өндірісті дамытуға бет бұру секілді міндет жүктеліп отыр. Өңірде өндіріс қалай дамуда?

— Қазақстанда бүгінде құрылыс қарқынды дамып жатыр, ал, құрылыс материалдары жан-жақтан жеткізіледі. Ауданда әрлеу үшін пайдаланылатын травертин деген тас қоры бар. Бүгінде соған барлау жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы бір-екі жылда барлық ауданда индустриалды аймақтар ашылып жатыр. Біз аймақ үшін Жыланды елді мекенін таңдадық. Тасты осы аймақта өңдеудің тиімділігі жоғары. Біріншіден, ол — облыс орталығына ең жақын ауыл. Екіншіден, карьер сол маңда. Үшіншіден, тас қалдығын орнына қайта тасу үшін де қолайлы.

Бүгінгі таңда индустриалды аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Ол жерде тастан басқа да кәсіпкерлік нысандар ашылады деп күтілуде. Кәсіпкерлерден өтініштер түсіп, меморандумдарға қол қойылуда.

– Мал шаруашылығын дамыту бағытында қандай жобалар іске асуда?

– Бұл бағытта екі үлкен компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Оның бірі — «Молочный Рай» ЖШС-нің 1200 бас малға арналған тауарлы-сүт кешенін салу жобасы. Оның инвестициялық құны — 3 млрд. 259 млн. теңге. Екіншісі — сүт өнімдерін өндіретін зауыт салу жөніндегі жоба. Аталған компаниялар асыл тұқымды қара мал әкеліп, істі бастап жіберді.

– Бүгінде кәсіп еткісі келген адамның бетінен ешкім қақпайды. Мемлекет жан-жақты қолдау танытып отыр. Бәйдібекте шағын және орта кәсіпкерлік қаншалықты дамуда?

– Аудан облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Халқының саны да аз. Кәсіпкерлікті дамытуға табиғаты да әсер етеді. Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін алдымен үлкен кәсіпкерлікті қолға алу керек деп ойлаймын. Үлкен зауыт ашылса, төңірегіне соларға қажетті өнімдерді өндіретін кішігірім кәсіпкерлік нысандар шоғырланар еді.

– Ауылдың, ауданның сыртқы келбетіне қарап сол елдің халқының әлеуметтік жағдайын бағалауға болады...

– Расында да, солай. Бәйдібек ауданында әлеуметтік тұрғыда шешілмеген проблемалар өте көп. Соның бірі – газдандыру. Түкпірдегі ауылдар тұрмақ, аудан орталығының өзінде әлі күнге газ жоқ.

«Бейнеу—Бозой—Ақбұлақ» ғасырлық газ құбыры жүргізілгенін білесіздер. Осы құбыр арқылы алты ауданның халқы газбен қамтамасыз етілмек. Былтыр күзде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Бас директоры Серік Сұлтанғали өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Маңызды шара барысында №18 «Шалдар» автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталып, алғашқы газ құбыры дәнекерленген болатын. Стансаның құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жоба аясында аудан орталығы Шаян елді мекеніне дейінгі 32 шақырымдық аралықта газ құбыры тартылмақ. Осы жұмыстар аяқталған соң Бәйдібек ауданындағы 52 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылады.

Бұл орайда облыс әкімдігі тарапынан аудан орталығындағы көшелерге газ құбырын тартуға қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда. Сәуір айында жобалық-сметалық құжатымызды тапсырдық. Аудан бюджеті есебінен газ құбырын тартуды бастауға, конкурс өткізу үшін жуырда облыс әкімдігінен келісім алдық. Биыл кем дегенде Шаянның бір көшесіне «көгілдір отын» беруді жоспарлап отырмыз.

Шалғайда жатқан аудан орталығына, ауылдарға газ әкелу, меніңше, тарихи жағдай.

Биыл аудан орталығынан кәріз жүйесін жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Сондай-ақ, Шаяннан жабық бассейн, жабық теннис корты бар спорт кешені салынуда. Осындай әлеуметтік нысандар салуға ерекше көңіл бөліп келеміз.

Шаянда негізгі төрт көше болса, соның үшеуін абаттандыруға жобалық-сметалық жоба жасалынуда. Орталық саябақ пен оның жанынан алаң салуды жоспарладық. Сонымен қатар, аудан орталығының кіре берісіне, орталығына бірқатар ескерткіштер орнату үшін де құжаттар жасалынуда. Шаянды аудан орталығы екені сезілетіндей дәрежеге жеткізсек деген ниет бар.

Қазір аудан әкімдігі ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік алдынан ардагерлер саябағы салынып жатыр.

Шаянның орталығын қыр-салалардан ағып өтетін үлкен жыралар кесіп өтеді. Сол маңдағы 30 гектарға жуық жерді қоршап, жасыл аймақ жасасақ деген ниет бар. Аппақ ишан мұражайынан айналма жолға дейінгі аумаққа ағаштар отырғызсақ деген жобамыз бар. Қазірше ауданда оған қаржы жоқ. Инвесторлармен арадағы меморандум бұл мәселені шешуге септігін тигізеді деп сенеміз.

Бүгінде ауданда дуадақ өсіретін ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеуде. Жалпы аумағы 900 гектардан астам жерді алып жатқан шаруашылық жылына 10 мыңға дейін жабайы құс өсіруге қауқарлы. Бұл — Қазақстан мен Араб Әмірлігінің біріккен ортақ жобасы. Қазір жобаның екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Алайда, Араб Әмірлігінен келген инвесторлар құрылысшыларды Шымкент жақтан әкелген. Біз оларға ғылыми-зерттеу орталығына жақын елді мекендерден жұмысшылар тарту және салықты ауданға төлеу туралы мәселе қойдық. Әрине, бұл бір күнде не жақын арада шешіле салатын мәселе емес.

– Соңғы уақытта халқы көп аудандардың тұрғындарын Бәйдібек секілді халқы аз аудандарға көшіру туралы мәселе көтеріліп жүр. Сіздер көшті қабылдауға дайынсыздар ма?

– Иә, мұндай пікірдің айтылып жүргені рас. Егер Сарыағаш және Мақтаарал аудандарынан тұрғындарды көшіріп әкелген күнде оларды бір жерге орналастыра алмаймыз. Мектебі, денсаулық мекемесі бар, электр жарығы, ауызсуынан проблемасы жоқ, көшелері асфальттанған елді мекендерге 20-30 үйден көшіріп әкелуге мүмкіндік бар. Өйткені, олар үшін жаңадан жеке елді мекен ашу бізге де ауыр. Алдымен инфрақұрылым жүргізу керек. Мектеп, емхана салу керек болады. Қазірше бұл туралы нақты шешім қабылданған жоқ. Егер осы идея жүзеге асса, ішкі көші-қонмен келгендерге үй салуға несие беріледі. Жер қорынан шаруашылық жүргізуге жер бөлеміз.

– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен кәсіпкерлік мектебі аудан жастарының бетін бизнеске бұра алды ма?

– Аудан халқын, оның ішінде жастарды кәсіп бастауға шақырып жатырмыз. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы азаматтарға кеңес беріп, бизнес әліппесін үйретуде. Нәтижесін келешек көрсетеді деп сенейік.

Бүгінгі таңда ауданда мемлекеттік органдардың өзіне маман таппай отырмыз. Ай сайын конкурс жариялануда, жиырма шақты бос жұмыс орны бар. Бөлім бастығы, аудан әкімдігінің инспекторларының орны бос. Жоғары оқу орындарына «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша мамандар жіберу туралы өтініш хат жолдадық. Әсіресе, денсаулық, білім, мәдениет, экономика салаларында маман тапшы. Осы ауданға қызметке келгелі зейнет жасына жеткендердің орнын жастарға босатуын, олардың орнына тек қана «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен келген мамандардың жұмысқа қабылдануын қадағалап отырмын. Былтыр ауданға білім және денсаулық саласы бойынша 13 маман келді. Бүгінде физика, химия, ағылшын және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері жетіспейді, оқу орындарына осы бойынша сұраныс жібердік.

– Бәйдібек – туризмге сұранып тұрған өлке. Оңтүстікке келген қонақ Бәйдібек баба мен Домалақ ананың басына бұрылмай кетпейді. Ішкі туризмді дамыту бағытында қандай шаруалар атқарылуда?

– Ауданда қазірше діни туризм жақсы дамыған. Бәйдібек кесенесі, Қасиетті бес ана, Домалақ ана кесенелері, Аппақ ишан мешіті және Ақмешіт үңгірін білмейтін жан жоқ шығар.

Тау бөктерінде орналасқан аудан экотуризмді дамытуға қолайлы. Ауданда 5 туристік соқпақ бар. Мәселен, 33 шақырымдық Қостұра — Тұттыбұлақ қойнауы — Қасқабастау Мойнақ өткелі — Боралдай шатқалы соқпағымен жаяу, атты, автокөлікпен жүріп өтуге болады. Киелі орын, көрікті ландшафт, сан алуан өсімдіктер мен жануарлар әлеміне бай, тылсымы тереңде жатқан үңгірлер мен суы емге шипа бұлақтар көп. Боралдай шатқалы – Тұра жартасы, Шұқыршақ сарқырамасы, Қаржан сайы – Орта сүңгі шатқалы мен Аяқ сүңгі өзені – Аяқ сүңгі шатқалы да туризм үшін таптырмас мекен. Бұдан бөлек «Теректі әулие» деп аталатын тарихи орын мен тау жағалай орналасқан тас төбешіктер көне заман құпиясын қойнауына жасырып жатқандай. Бұл жартастардағы суреттер мен петроглифтер – тас немесе металл құралдармен салынған. Жалпы, қарт Қаратаудың тұла бойы тұнған тарих, қат-қат шежіре, жерінің қойнауы көне жәдігерлер көрмесі іспетті.

Облыста туризмді дамытуға арналған аймақтық бағдарлама қабылданған. Сондағы мақсаттар жүзеге асса, Бәйдібек ауданы туристер көп келетін өңірге айналады деп сенеміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары