Алматы – бизнес және жеке капитал қаласы. Қалада 240 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелсе, 170 мыңнан астам субъект жұмыс істейді.
Қала бойынша «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасын іске асыруға 2017 жылы 4,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов баспасөз жиынында айтты.
Оның айтуынша, Алматы бойынша былтыр шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,7%-ға көбейіп, 170 мың адамды құраған. Ал «Жібек жолы» қалалық бағдарламасы бойынша 4 млрд. теңгені құрайтын 66 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ, «Бизнестің Жол Картасы 2020» бағдарламасын қаржылық емес қолдау шараларының шеңберінде 70 кәсіпкер Назарбаев Университетінде оқытудан өткен. Мұның өзі кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен қолдау болып табылады.
Жалпы Алматыда шамамен 20 мың, оның ішінде 226 ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді.
–2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының ішінде бөлшек сауда көлемі 5,4%-ға өсе отырып, 2,5 трлн. теңгені, көтерме сауда – 1,4%-ға өсе отырып, 10,4 трлн. теңгені құрады. 2017 жылы 15,5 млрд. теңге инвестицияларымен және 2 мың жұмыс орындары құрылып, 4 ірі сауда нысаны, атап айтқанда «Март Вилледж» сауда-фермерлік орталығы, «Мәскеу Метрополитені» сауда ойын-сауық орталығының 2-ші кезегі, «Көк базар», «Алатау» сауда орталықтары ашылды, деді Мақсат Қиқымов.
Басқарма басшысының айтуынша, 3 ірі сауда нысандарын, а тап айтқанда Форум Алматы ойын-сауық орталығы, Гранд Парк 2-ші кезегі, Жібек Жолы сауда орталығын салу, 6 базарды (Мехриниса, Қарқара, Айнабұлақ, Алатау 4 блогы, Бахар и Үміт) жаңғырту және ұсақ бөлшек желілерін, оның ішінде «Магнум Экспресс», «Той Март», «Сабыржан» желілерін ашу жоспарланған.
Бүгінгі күні Алматы қаласы әкімінің тапсырысымен, заңсыз сауданың мәселелерін шешу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Масқсат Қиқымовтың айтуынша, стационарлық емес сауда нысандарына түгендеу жүргізілген. 1632 дүңгіршек анықталып, оның ішінде 1510 дүңгіршек бұзылған. 17 дүңгіршекті алып тастау жұмысы ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін аяқталады. Сондай-ақ, және сауда орталықтары мен базарларының жеке аумақтарында орналасқан қалған 105 нысанның иелерімен дүңгіршектерді жаңарту немесе алып тастау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.
Бұдан басқа ағымдағы жылғы наурызда Стационарлық емес сауда нысандарын орналастыру қағидасы әзірленіп, оларды ауыстыратын орындар белгіленген.
- Бүгінгі күні, 5 жаңа дүңгіршек толығымен заманауи стандарттардың талаптарына сәйкес келеді. 1 дүңгіршек үнемді және энергиялық үнемді шешімдерін – күн батареяларын, электрондық сауда элементтерін – qr-коды бойынша электрондық ақшамен төлем жүргізуді, электронды кассалық аппараттарды қамтиды, санитарлық қауіпсіздік талаптарына жауап береді. Сауда саласында көлеңкелі экономиканы жою бойынша жұмыс жалғасуда және ол жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі мен халықтың өмір сүру сапасында оң түрінен көрінетін болады, - деді Басқарма басшысы.
Айта кетейік, 2018 жылдың қазан айында «Almaty Invest 2018» халықаралық инвестициялық форумын өткізу жоспарланған.
Ақбота Мұсабекқызы