Ең қымбат газ Астанада болмақ деп жазады ktk.kz. Бүгін Энергетика министрі бас қалаға жеткізілуі тиіс көгілдір отынның құны қанша болатынын мәлімдеді. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, оның текше метрі үшін елордалықтар 44-50 теңгенің шамасында төлейді.
Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары тариф. Ал, өзге аймақтарда газдың орташа құны 30-35 теңгені құрайды. Десе де, көгілдір отын бас қалаға «Сарыарқа» құбыры арқылы келесі жылдың аяғында бірақ жеткізіледі. Құбыр Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Қарағанды арқылы тартылып, Елордаға дейін жетпек. Министрдің айтуынша, тарифтің қымбат болатын жөні бар. Өйткені, жобаның құны тым қымбат. Бірінші кезеңнің өзін іске асыру үшін 267 миллиард теңге жұмсалмақ.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Астана қаласының әкімдігі магистральды газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысын ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірледі. Елорда тұрғындары үшін газды ең алдымен Көктал Железнодорожный, Юго-Восток аудандарына тартылады. Және бірінші, екінші, үшінші жылу электр стансаларына жеткізу жоспарлануда.