19.07.2015, 18:00

Хоббиіңді бизнеске айналдыр

ekaz.kz

Шағын қала, мейлі, алып мегаполис болсын, кәсіпкерлікті қолдайтын түрлі тетіктер қарастырылған. Әсіресе, өз бизнесін ашам деген жастарды қолтығынан демеуге арналған түрлі гранттар бар. Сенбейсіз бе?

Инновациялық гранттың қызығын көрген жас кәсіпкерлер жаныңызда жүр. 

Шахтинск қаласының тұрғыны, бизнесін жаңа бастаған Андрей Осянников өткен жылы  инновациялық бизнес-жобалар конкурсына қатысып, «Бірсалалы шағын қалаларды дамыту бағдарламасы» ұсынған грантты ұтып алды. Грант көлемі - 3 миллион теңге. Соңғы 6 жылдан бері теріден түрлі әсемдік бұйымдар, сувенирлер, сөмкелер мен белбеулер тігіп жүрген Андрей енді бұл істі жеке қызығушылық деңгейінен бизнес түріне айналдырды. Ол үшін бастапқы қаржыны мемлекет беріп отыр. Жобаның арқасында 5 жұмыс орны ашылады. Соның арқасында мемлекетке жылына 1 миллион теңгеге жуық салық түсіп отырады.

- Грант бөлген ақшаға теріден түрлі бұйымдар тігетін қытайлық құрылғылар сатып алдым. Сондай-ақ, біраз уақытқа жететін шикізат жеткізілді. Бүгінде ресейлік терілердің сапасы көңілден шығып тұр. Сондықтан Рязань тері зауытымен ынтымақтастықты барынша дамытып жатырмыз, - дейді Андрей Овсянников.

Андрейдің мамандығы - тау-кен инженері. Бірақ тігінші анасынан көріп өскен тағлымы оны бәрібір осы салаға әкелді. Бір сөмкені екі күнде тігіп тастаймын дейді ол. Қолынан шыққан бұйымның әсем әрі эксклюзивті дизайнмен жасалуына ерекше мән беретінін мақтанышпен айтады қолөнерші жігіт.

Жалпы, бағдарлама қабылданғалы Шахтинск қаласының 8 кәсіпкер 24 миллион теңгенің грантына қол жеткізген. Соның арқасында шағын қаланың 45 тұрғыны жұмыспен қамтылады деген сенім бар.

Мемлекет бөлген гранттың тағы бірі тараздық Анар Бексұлтановаға бұйырды. Бұл басқа бағдарлама - «Бизнестің жол картасы-2020». Онда да инновациялық идеяларға 3 млн теңге көлемінде грант қарастырылған.

Анардың тумысынан екі қолы жоқ. Алайда, ол мұны ойлап қамыққан емес. Қатарының алды болып, мектепті, сосын университетті аяқтады. Қолмен жасалатын шаруаларды аяғымен атқарды. Сол аяқтарының көмегімен түрлі қолөнер бұйымдарын ісмерлеп, көрпе-жастық тігіп жүр. Анар сурет салуға құштар. Бала кезден табиғаттың шексіз сұлулығына тамсанып, аяғымен түрлі кескіндер сала бастаған. Негізінен, пейзаж бен натюрморт салғанды жаны сүйеді. Ондай бесаспап, ісмер жандарды қазақ «Он саусағынан өнер тамған» деп сипаттаса, Анар туралы әлбетте олай айта алмайсыз. Соның барлығын аяқтарының көмегімен атқарып жүргені өмірге деген құштарлығы мен енжарлық дегенді жаны сүймейтін еңбекқорлығынан болса керек. Оның үстіне, Анарды үнемі болашаққа жетелеп, арманын аялауға итермелейтін факторлар баршылық. Ең бастысы - ол 6-7 жасар Әдемі және Сұлу-Айым атты қос құлыншақты тәрбиелеп отырған ардақты ана.

Анар да Андрей сияқты грант бойынша алған 3 млн теңгесіне тігін тігуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып,  5 тігіншіні өз кәсібіне еңбекке тартқан. Тігін цехы үшін ғимарат жалдап әуре болмай, ательені өз үйінен ашты. «Қыз жасауын тігеміз. Тапсырыс өте көп, сондықтан кәсібімді кеңейтетін күн де алыс емес», дейді Анар Бексұлтанова.

 Жамбыл облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының гранттары соңғы екі жылда 15 адамға беріліпті. Олар 44 миллион теңгені мемлекеттен қайтарымсыз негізде алды. Оның ішінде кино түсіріп жүрген әуесқой режиссер, мал шаруашылығына жаңалық енгізген шопан, сұңғыладан дәрі-дәрмек жасайтын фармацевт, басқа да түрлі саланың өкілдері бар. Демек, өз салаңызға қатысты қандай да бір идеяларыңыз болса, оны іске асыруға мемлекет көмектеседі. Тіпті, бизнес-жоспар жасай алмаймын деп қамықсаңыз, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы мамандар тегін жоспар жасап береді. Әрі қарай арнайы конкурсқа қатысу ғана қалады. Грант - несие емес, оны қайтарудың қажеті жоқ. Демек,  кәсібіңнің келешегіне алаңдауға да негіз жоқ.

                                                                                                                      Саяна ТАЖИКЕН