11.06.2018, 10:34

Алматы – Бішкек экономикалық дәлізін дамыту бойынша жиын өтті

Алматы – Бішкек экономикалық дәлізін дамыту бойынша бүгін “оңтүстік астанада” алқалы жиын өтті.

Қазақстан мен Қырғызстанның өкілдері осымен екінші рет бас қосып отыр. Қазіргі уақытта Азия даму банкінің жобадағы гранты – екі миллион доллар. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастаманың жүзеге асуына екі ел де мүдделі. Қазіргі кезде логистикалық сараптама жасалған. Бұдан бөлек Ыстықкөл демалыс орнының инфраструктурасын дамытуды қамтитын ауылшаруашылығы мен туризм бойынша жұмыс тобы құрылған. Жиында шағын және орта бизнес өкілдерін тарту туралы ұсыныс айтылды.

– Алматы мен Бішкектің бақша өнімдері мен ауылшаруашылығы кешенін дамытуда әлеуеті зор. Осы мақсатта біз сауда байланысын дамыту жоспарын қарастырып жатырмыз. Ауылшаруашылық жобалары бойынша инвестиция көлемі қарастырылуда, - дейді АДБ Орталық және Батыс Азия департаменті басқарма басшысы Сафдар Парвез.

Қатысушылардың айтуынша, қалалық жоспарды, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, туризм, инфрақұрылым мен логистиканы, сондай-ақ табиғи апаттармен күресті дамыту керек. Дәліз Қазақстан мен Қырғызстан – Алматы және Бішкек қалалары, Алматы, Жамбыл облыстары, Шу және Ыстықкөл аумағын қамтиды.

– Екі ел арасындағы сауданы дамыту туралы жобалар қарастырылып жатыр. Жоба аясында өзге елдерге экспортталатын өнім шығару жоспарда бар, - дейді ҚР ҰЭМ департаментінің басқарма басшысы Бибігүл Масербаева.

Сарапшылардың айтуынша, дәл осы аймақтарда экономикалық белсенділік пен халық тығыздығы төмен болып тұр. Шуда шаршы шақырым жерге 40 адам, Жамбыл облысында 7 адам сыяды. Салыстырып қарасақ, Алматы мен Бішкекте 5 адамнан келеді екен.

Осы және өзге мәселелерді шешуге арналған тапсырмаларды іске асыру үшін Азия даму банкі ОААЭЫ бағдарламасы аясында Экономикалық дәлізді дамыту жұмысын жалғасыруға дайын.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ