$ 498.55  524.28  4.75

Туризмді дамытудың 100 қадамы

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мегаполистің жетекші туроператорларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді

Алқалы жиында «Туризмді да­мытудың 100 қадамы» қалалық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ауқымды да келелі мәсе­лелер қаралды. Соңғы  үш жылда шетелдік туристер саны 14 пайызға өсті. Алматыға биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ғана Оңтүстік Корея­дан, Үндістан мен Ресейден, ҚХР-нан, Түркиядан, АҚШ пен ГФР-дан 130 мыңнан астам адам келген.  Туристік лектің 80 пайызға жуығы алдағы тоқсандарда келеді деп күтілуде.

– Бүгінгі күні қала экономикасының 87%-ын қызмет көрсету саласы құрайды, алайда Алматының  жалпы өңірлік табысында туризмнің үлесі небәрі 1,5%. Мегаполистің туристік әлеуетін арттыру мақсатында Алматы агломерациясының тау туризмі бойынша шеберлік  жоспары жасалды, оның құрамына Медеу, Шым­бұлак, Алматау және Бутаковка енді. Биыл­ғы жылы әлемдік деңгейдегі Kempіnskі және Novotel отелдерінің, түрлі бутик-отельдер мен хостелдердің құрылыстарын аяқтау жоспарланған. Жыл аяғына дейін  14 халық­аралық агенттіктер үшін БҰҰ-ның өңірлік ХАБ-ы ашылады. Париждің, Стамбұлдың, Бангкоктың тәжірибесі мұндай шараның шетелдік туристер легін ұлғайтатынын, халықаралық деңгейде қаланың танымдылы­ғын арттыра­тынын көрсетті, – деді Қала әкімінің орынбасары Әсел Жүнісова.

Ол сонымен қатар, қазіргі кезде туристердің көпшілігі өз беттерінше сапарға шығатынын, арнайы веб-тұғырлар арқылы демалыстарын жоспарлайтынын айтты. Жыл сайын  Алматыға деген қызығушылық арта түскенін, оны дестинация арқылы әлемдік TrіpAdvіsor тұғырнамасы­нан көруге болатынын, онда қалаға қатысты сұраныс 465 тен 66 824 өтінімге өскенін, бұл тұғырнаманы көбінесе АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбритания мен Үндістан­ның, Германияның азаматтары пайдаланатынын тілге тиек етті.

Бүгінде  «Қазақстан темір жолымен» бірге   «Алматы-1» және «Алматы-2» темір­жол вокзалдарын қайта жасау жұмыстары жүріп жатқанын да айта кету керек. 200 автомобильді қысқа прокатка беру сервисін ашу жоспарланған. Егер өткен жылы Алматыда қоғамдық көліктің 479 бірлігі алынса, биылғы жылы тағы да 569  жаңа автобус қатарға қосылады.

Ендігі жерде туристерді тасымалдайтын туристік компаниялар автобустарының сертификаттары қаралатын болады. Бұл шара қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттырады.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары